Малайзия Премьер-министрі Тоқаевқа торт сыйлады
Бүгін Қазақстан президенті 71 жасқа толып жатыр
Қазақстанға ресми сапармен келген Малайзия Премьер-министрі Ануар Ибрагим президент Қасым-Жомарт Тоқаевты туған күнімен құттықтап, торт сыйлады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақордаға сілтеме жасай отырып.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапары аяқталған Малайзия Премьер-министрі Ануар Ибрагимді елорда әуежайынан шығарып салды. Өз кезегінде Ануар Ибрагим құрмет көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, Қасым-Жомарт Тоқаевты бүгінгі туған күнімен құттықтады», - деп хабарлады Ақорда торттың суретін көрсете отырып.
Торт құлпынаймен безендірілген және «Туған күніңізбен, президент мырза!» деген жазуы бар. Айта кетейік, бүгін, 17 мамыр Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 71 жасқа толып жатыр. Тоқаев туған күнін тойламайды және бұны қарапайым жұмыс күнінің бірі деп қабылдайды.