Тоқаев Ұлттық ұлан авиабазасының ашылу рәсіміне қатысты
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл база күштік құрылымдардың әлеуетін едәуір арттыруға мүмкіндік береді
Президент – ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астана қаласында Ұлттық ұланның авиация базасының ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы, ең алдымен, жиынға қатысушыларды алдағы Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, бұл отаншылдық сезімді оятып, жауынгерлік рухты арттыратын мәртебелі мереке екенін айтты. Сонымен қатар Қарулы Күштерді егемен еліміздің мықты қалқаны, бейбітшілік пен тұрақтылықтың мызғымас тірегі ретінде атап өтті.
«Авиациялық базаның ашылуы – Ұлттық ұлан ғана емес, бүкіл әскеріміз үшін айтулы оқиға. Бұл база күштік құрылымдардың әлеуетін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Ұшқыштардың шұғыл әрекет етуіне жағдай жасайды. Мемлекет Қарулы Күштерді жабдықтап, әскери инфрақұрылымды дамыту мәселесін айрықша назарда ұстайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент еліміздің бірқатар өңірінде болған алапат тасқынға қарсы күресте сарбаздардың алдыңғы шептен табылып, антқа адал болудың озық үлгісін көрсеткеніне тоқталды.
«Осы орайда мен әскери ұшқыштардың кәсіби тұрғыдан білікті және шебер әрекетін ерекше атап өткім келеді. Олар зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық жүк жеткізді. Азаматтарды қауіпсіз жерге көшірді. Соның бәрін мінсіз атқарды. Осындай қиын-қыстау кезде халықпен бірге болған сарбаздарға зор ризашылығымды білдіремін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент әскеріміздің сапында өз ісінің нағыз кәсіби мамандары қызмет ететінін жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстанның әскери қызметшілері БҰҰ аясындағы түрлі халықаралық миссияларға қатысып, бітімгерлік борыштарын табысты атқарып келеді. Биыл олар өз міндеттерін Голан жоталарында алғаш рет дербес орындауға кірісті. Бұл әскеріміздің дайындық деңгейінің жоғары екенін және еліміздің әлемдік аренадағы беделінің өсіп келе жатқанын анық көрсетеді.
«Халқымыз ержүрек жауынгерлерін қадір тұтқан, оларға құрмет көрсеткен. Мен Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы отырысында Талдықорған қаласындағы әскери авиабазаға жерлесіміз, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Сергей Луганскийдің атын беру туралы тапсырма бердім. Алматылық даңқты ұшқыштың өнегелі өмірі ұрпаққа әрдайым үлгі болуы керек. Мұндай бастама ұлттық әскеріміздің беделін арттыра түсетіні сөзсіз. Ел үшін жасалған ерлік ешқашан ұмытылмайды», – деді Мемлекет басшысы.
Президент әскери қызметшілердің ержүрек батырлар мен даңқты бабалардың жолын абыроймен жалғастырып келе жатқанын айтып, олардың Отан алдындағы қызметтеріне табыс тіледі.
Шара барысында Мемлекет басшысына Қарулы Күштердің, басқа да әскери құрамалардың ұшақтары мен тікұшақтарының, жауынгерлік және арнаулы техникаларының жаңа үлгілері таныстырылды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев авиабазадағы бірқатар инфрақұрылымдық нысанды аралап көрді. Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Еркін Ботақанов жауынгерлік тапсырмаларды өз деңгейінде орындау үшін базада барлық жағдай жасалғанын мәлімдеді.
Президент әскери қалашықтың Даңқ залына барып, Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
Авиабазаның Астана әуе айлағында орналасуы жеке құрам мен техниканы қажет жеріне уақытылы жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ әуеден барлау жүргізу, зардап шеккендерді эвакуациялау кезінде Ұлттық ұланның бөлімшелеріне авиациялық қолдау көрсетеді.