Енді заңға Байден қол қоюы керек
АҚШ конгресінің сенаты Украинаға, Израильге және Тайваньға әскери көмек көрсету, Ресейдің активтерін Киевке беру үшін тәркілеу, сондай-ақ Қытайға қосымша санкциялар енгізу туралы заң жобаларының пакетін мақұлдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Америкалық заң шығарушы органның жоғарғы палатасының отырысы C-SPAN телеарнасында көрсетілді. Бастаманы 79 сенатор қолдаса ал 18 адам қарсы шыққан.
20 сәуірде заң жобаларын конгрестің өкілдер палатасы мақұлдады. Пакеттің көлемі 95 млрд долларға тең. Оның ішіне Украинаға 61 млрд доллар, Израильге 26 млрд доллар, сондай-ақ қақтығыс аймақтарында, соның ішінде Газа секторында бейбіт тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетуге арналған қаражат кіреді.
Сенат мақұлдағаннан кейін заң пакеті АҚШ президенті Джо Байденге қол қоюға жіберіледі. Америкалық көшбасшы оған қол қоюға уәде берген.
Заң жобаларының пакеті ирандық және ресейлік шенеуніктерге санкциялар енгізуді және ирандық дрондарды шығару үшін қолданылатын америкалық технологиялардың экспортын одан әрі шектеуді қарастырады.