Бұл туралы Қазақстан президенті Ереванға жасаған сапарында мәлім етті
Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Армения мен Әзербайжан арасындағы қатынасты тезірек реттеуге шақырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақордаға сілтеме жасай отырып.
Ереванда өткен келіссөздер барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армения Премьер-министрі Никол Пашинян Оңтүстік Кавказда тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аударған.
«Мемлекет басшысы Армения мен Әзербайжанның бейбіт келісім жасау жөніндегі қадамдарын жоғары бағалады. Осы орайда Қазақстан Президенті Ереван мен Баку арасында тезірек берік әрі ұзақмерзімді бейбітшілік орнағаны маңызды деп атап өтті. Сондай-ақ келіссөздер үшін Қазақстан өз алаңын ұсынуға дайын екенін мәлімдеді», - деп хабарлайды Ақорда.
Дереккөзге сүйенсек, тараптар Армения мен Әзербайжан арасындағы уағдаластықтарды нақты жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыруға келісті.