Қазақстанның конституциялық реформалары саяси жүйені айтарлықтай жаңартты – сарапшы
Серік Сыдықов қоғамды демократияландыру мәселесі маңыздылығын жоғалтпайтынын айтты
«Қазақстан Республикасында ашық әділ және бәсекеге қабілетті мемлекет құру бойынша дәйекті саяси жаңғыртулар жүргізілуде». ҚР Президенттік орталығы директорының орынбасары Серік Сыдықов Қазақстанның конституциялық реформаларына қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Теңдестірілген саяси базасыз экономикалық өркендеудің мүмкін еместігі қолданыстағы саяси жүйені реформалаудың шұғыл қажеттілігін тудырды. Мемлекет басшысы 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында саяси қайта құруларды жүргізуге баса назар аударды. Қазіргі уақытта мемлекеттік биліктің барлық институттарының жұмыс тиімділігін арттыру үшін түбегейлі қадамдар жасалды.
Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға байланысты институттарды нығайтуға, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен жоғары лауазымды тұлғалар арасындағы өзара қарым-қатынастардың логикасын өзгертуге бағытталған түзетулер билік өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде тепе-теңдіктің дәл сақталуына ықпал ететіні сөзсіз», - деп атап өтті Серік Сыдықов.
Оның айтуынша, сонымен қатар еліміздің негізгі заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бұрын-соңды болмаған сыртқы және ішкі сын-қатерлерге берік қарсы тұра алатынымызға деген сенімімізді айтарлықтай нығайтты.
Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаев атап өткендей: «Конституциялық реформа Қазақстан тарихындағы жаңа дәуірдің басталуын белгіледі. Бұл соңғы үш жылдағы саяси қайта құруларды топтастыруға және мемлекеттігімізді одан әрі нығайтуға берік негіз қалауға мүмкіндік берді».
Осылайша, үштен біріне жуық жаңартылған Конституция саяси жүйені айтарлықтай жаңартты және жалпы қоғамдағы демократиялық процестерді тереңдетуге ықпал етті деп сеніммен айтуға болады.
«Әрине, конституциялық реформаны аяқталған деп санауға болмайды. Реформалар үздіксіз. Конституциялық нормаларды өзектендіру және олардың іске асырылуын бақылау бойынша әлі де көп жұмыс атқарылуда. Конституциялық реформаны іс жүзінде іске асырудың табыстылығы тек саяси ерік-жігерге ғана емес, сондай-ақ қоғамның мұндай реформаларға қаншалықты дайын екеніне және оларды қазақстандық қоғам қалай қабылдайтынына тікелей байланысты.
Қазақстан Конституциясына қандай да бір нысандағы алдыңғы барлық түзету Президенттің елдің жоғары лауазымды тұлғасы ретіндегі ұстанымын нығайтуға байланысты болды. Мұндай өзгерістер біржақты болды, яғни әрқашан дерлік жоғарыдан басталды. Негізгі заңға еңгізілген қазіргі түзетулер жалпы жұртшылық өкілдері айтқан ұсыныстарды ескере отырып жүзеге асырылды. Сондықтан ары қарайғы реформаларға тек мемлекеттік құрылымдар ғана емес, сондай-ақ мемлекетпен қатар мемлекеттік билікті іске асыру тетігін құрайтын қоғамдық ұйымдардың, сараптамалық қоғамдастықтардың өкілдері және белсенді азаматтық ұстанымы бар адамдар да қатысуға тиіс», - деді Серік Сыдықов.
Қазіргі уақытта тіпті демократиясы дамыған мемлекеттерде де билік пен қоғамның өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, кәсіптік одақтар, тәуелсіз баспасөз, сот жүйесі, сайлау процесі сияқты қалыптасқан азаматтық қоғам институттары жетілдірілуде. Осыған байланысты билік пен қоғамның өзара іс-қимылының дәлелденген озық тетіктерін іске асырып қана қоймай, оларға қоғамдық дамудың қазіргі кезеңінің ерекшеліктерін ескеретін жаңа тетіктер мен тәсілдерді енгізу қажет.
Сонымен қатар конституциялық-құқықтық дамудың бірқатар мәселелері бар, олар шешуді талап етеді және маңызды пікірталастардың тақырыбына айналды. Олардың ішіндегі ең өзектілері – еліміздің заң шығарушы органдарында азаматтардың өкілдігіне, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметіне, сайлау процесіне, оның ішінде сайлау органдарын қалыптастыру тәртібіне, әкімдерді сайлау жағдайында жергілікті өкілді және атқарушы органдардың өзара іс-қимылына қатысты мәселелер. Сондай-ақ жаңа Конституцияны әзірлеу бойынша жеке ұсыныстар жасалғанын ескеру қажет. Осы сұрақтардың барлығы егжей-тегжейлі талқылауды қажет етеді.
«Саяси жүйені жаңғырту және қоғамды демократияландыру мәселелері өз маңыздылығы мен өзектілігін жоғалтпайды. Конституцияның негізгі қағидаттарын, оның ішінде адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау қағидатын іске асыру осы мәселелерді шешу дәрежесіне байланысты. Бұл – әр мемлекеттің басым міндеті және қоғам дамуының ең жарқын көрсеткіші.
Әрине, бұл мәселелердің барлығы қоғамның назарын аударады. Конституция – бұл билік пен қоғам арасындағы әлеуметтік келісім. Мұндай жағдайда Конституциялық мәселелер жалпыұлттық пікірталастарда мемлекеттік құрылыс саласындағы сарапшылардың, оның ішінде биліктен алшақтатылған мамандардың: экономистердің, әлеуметтанушылардың, саясаттанушылардың және басқалардың қатысуымен ашық талқылануы керек», - деп тоқталды Президенттік орталық директорының орынбасары.
Оның пікірінше, билік пен қоғамның өзара әрекеттесуінің төмен дәрежесіне байланысты конституциялық-құқықтық реформаның маңызды құрамдас бөлігі саналатын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қабылданғанын мойындауы керек. Бұл тұжырымдаманы Президент алғаш рет 2019 жылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтқан болатын.
Осыған байланысты «еститін» мемлекеттің дамуы азаматтық қоғамның белсенділігімен және оның маңызды шешімдер қабылдау процесіне қатысуымен тікелей байланысты екенін атап өткен жөн.
«Қоғамдық диалог, ашықтық, қарапайым адамдардың қажеттіліктеріне жедел ден қою – бұл мемлекеттік аппарат қызметіндегі негізгі басымдықтар. Сондықтан Мемлекет басшысы диалог алаңдарын ұйымдастыру арқылы халықпен және азаматтық қоғаммен байланыс арналарын орнатуды тапсырғаны кездейсоқ емес.
Осы тұста Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы қарым-қатынасты нығайтудағы рөлі маңызды болар еді, өйткені Президенттік орталық – тарихи мұраны жүйелеумен, зерделеумен және насихаттаумен қатар, Мемлекет басшысының идеясы мен бастамалары призмасы арқылы Қазақстанның даму перспективалары мәселесін талқылау үшін белсенді сараптамалық алаң», - деді ол.