Шенеуніктер орынсыз байбалам салуды әдетке айналдырды - Тоқаев

Автор: Аягөз Құрмаш

Президент өткенге өкпе арта беруге болмайтынын айтты

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында қоғамда жаңа этика қалыптастыру жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy

Президент, нақты құндылықтарымыз болмаса, даму жолында тың серпіліс жасауымыз және көшбасшы елдер қатарына қосылуымыз неғайбыл деп санайды. 

«Жаңа ғана Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева халықаралық тәжірибеден мысал келтіре отырып, жалпыұлттық құндылықтар жүйесін бекітуді ұсынды. Талқылау барысында Дихан Қамзабекұлы, Мұрат Әбенов, Шаймардан Нұрымов және басқа да Құрылтай мүшелері осы идеяны айтқанын білемін», - деді Тоқаев. 

Ол қоғамдағы этиканы қалыптастырудың жаңа әдісі керек деп санайды. 

«Мен қоғамда жаңа этика қалыптастыру қажеттігін үнемі айтып жүрмін. Алайда, азаматтарға қандай да бір құндылықты күшпен таңу қиын, тіпті, мүмкін емес деуге болады. Саяси реформалар заңдарға түзету енгізу, институционалдық өзгеріс жасау арқылы жүзеге асырылады.Бірақ қоғамдық этикаға келгенде, заңдарды өзгерту жеткіліксіз. Барынша мұқият болуды талап ететін бұл шаруаға Ұлттық құрылтай мүшелері де белсене атсалыса алар еді. Жасампаздық рухының қоғамда терең орнығуы, ескірген қасаң қағидалар мен ел ішіне  іріткі салатын жағымсыз әрекеттердің келмеске кетуі өте маңызды», - деді ол. 

Тоқаевтың айтуынша, артқа қарайлап, өткенге өкпе арта беруге болмайды. Әсіресе зиялы қауымның кейбір өкілдері, тіпті мемлекеттік қызметшілер де орынсыз байбалам салып жүреді. 

«Зиялы қауымның кейбір өкілдері, тіпті мемлекеттік қызметшілер де орынсыз байбалам салып, айналасын сынап-мінеуді әдетке айналдырды. Мұны доғару керек. Қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылағанда байыпты болған жөн. Үнемі артқа қарайлап,  өткен күнге өкпе арта беруге болмайды. Әлем қауымдастығында лайықты орнын иеленуді қалайтын ұлт өзін өзгелерден кем сезінуден және әлеуетін әлсірететін жалған түсініктерден арылып, болашаққа нық сеніммен қарауы керек», - дейді Президент.