Бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет – Президент

Автор: Мира Байбек

Мемлекет басшысы Құрылтайдың той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болмайтынын айтты

Фото: Ақорда

Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың үшініш отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткенімен ғана өмір сүретін жұрт өркениетті ел бола алмайтынын атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Ұлы Жібек жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар.

Біз елдігіміздің негізін қалап, оны ұрпаққа табыстаған бабалар рухына тағзым етеміз. Алайда, өткенімен ғана өмір сүретін жұрт өркениетті ел бола алмайды», - деді Президент.

Ол ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет екенін айтты.

«Құрылтай – ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болған емес, келешекте де ондай болмайды. Алдыңғы екі отырыста елімізді дамытуға қатысты маңызды бастамалар көтерілді. Оның біразы орындалды. Жалпы өзгерістер барлық салада болып жатыр», - деді Президент.