Мемлекет басшысы Физули қаласына барды

Автор: Аманалина Тоғжан

Президентті Физули қаласының әуежайында Ильхам Әлиев қарсы алды   

Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Республикасына мемлекеттік сапары аясында Физули қаласына келді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.  

Мемлекет басшысын Физули қаласының әуежайында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев қарсы алды.   

Мұнда президенттер Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығының ашылу салтанатына қатысады. Сондай-ақ жергілікті халықпен кездесіп, алдағы уақытта салынатын Физули қалалық Орталық ауруханасының жобасымен танысады. 

Бұдан кейін екі ел басшылары Шуша қаласындағы әлеуметтік-мәдени және басқа да нысандарды аралап көреді.  

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Президенті Әзербайжан Республикасына мемлекеттік сапармен барғанын жазған болатынбыз.