Қазақстан Сыртқы істер Министрі Қырғызстан Президентімен кездесті

Автор: Azattyq Rýhy

Министр Қырғызстан Президентіне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ізгі тілектері мен жылы лебіздерін жеткізді

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуді Бішкекке ресми сапары барысында Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қырғызстан басшысы екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейін, стратегиялық әріптестікті тереңдетуді, орнықты саяси диалогты дамытуды, сондай-ақ екі елдің екіжақты форматта да, халықаралық өңірлік ұйымдар шеңберінде де тиімді өзара іс-қимылын қанағаттанушылықпен атап өтті.

Министр Қырғызстан Президентіне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ізгі тілектері мен жылы лебіздерін жеткізді.

«ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы сұхбаттасын қазақ-қырғыз қатынастарының өзекті жай-күйі мен одан әрі даму перспективалары туралы хабардар етті. Одақтастық қатынастарды кеңейтуге өзара қызығушылық білдірілді. Өңіраралық және шекара маңындағы өзара іс-қимылды нығайту, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту және түрлі салаларда бірлескен жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды», - делінген ведомствоның хабарламасында.