Президент тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны күшейтуді толық қолдайды – депутат

Автор: Еркежан Айтказина

Ол заң жобасындағы жаңа новеллаларды да тізіп берді

Фото: https://www.ult.kz/

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатынағы басты құндылықтар жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Кез келген мемлекеттің, қоғамның дамуының ең басты алғышарттарының бірі – құндылықтар. Экономика, саясат және басқа да салалардың дамуы мен тұрақтылығы мемлекеттің тиісті құндылықтарды қалыптастырып, сақтауына байланысты. Мемлекет басшысының мазмұнды сұхбатындағы ең маңызды тұстарының бірі осы. Президенттің «Заң мен тәртіп» қағидатының үстемдігі мен жалпыұлттық құндылықтардың маңыздылығы туралы ұстанымдары ерекше маңызды», - деді Аймағамбетов.

Мемлекет басшысы өзінің сұхбатында елдің болмашы нәрселерге баса назар аударып, ұсақ-түйекті талқылауға бүкіл күш-қуатты жұмсайтынын, әлдекімдердің жалған сөзіне еріп, арам тер болатын қоғамдағы түйткілді де айтқан еді. Оның сөзінше, бұл түкке де пайдасы жоқ, бос істер мен уақыт жоғалту. Ел басты стратегиялық бағдардан жаңылмауы тиіс. «Біздің бұрын кім болғанымыздан қазір кім екеніміз, ең бастысы, болашақта кім болатынымыз әлдеқайда маңызды» деген еді Президент.

«Мемлекет басшысының үнемі айтатын басты құндылықтары: еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық және үнемшілдік. Бұл – нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиет. Осы құндылықтар қазіргі уақытта білім беру бағдарламаларының шеңберінде кіріктіріліп оқытылуда. Бұған қоса, Президент Жолдауының аясында біз – Комитеттің бірнеше депутаттары әзірлеп, Үкіметтің қорытындысында жіберген тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жаңа әрі тиімді шараларын қарастыратын заң жобасы туралы және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайтуды толық қолдайтыны туралы да ашық айтты», - деді депутат.

Аймағамбетов осы заң жобасының басты новеллаларын тізіп берді:

- отбасы жағдайында ұрып-соғу немесе басқа да зорлық-зомбылық әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу;

- жәбірленушінің мәлімдемесін күтпейақ, қорқыту немесе тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері орын алған жағдайда бұқаралық ақпарат құралдарындағы немесе онлайн платформалардағы хабарламалар негізінде уәкілетті органдарға жеке алдын алу шараларын қабылдау құқығын беру;

- жәбірленуші мен баланы емес, агрессорды үйден шығару. Өкінішке қарай, қазір жағдай керісінше болып отыр;

- сотқа отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқықбұзушылық жасаған адамдарға агрессивті мінез-құлықты өзгерту үшін міндетті медициналық психологиялық көмек көрсетуді міндеттеу уәкілеттілігін беру;

- отбасы-тұрмыстық қатынастарда ұялы байланыс, электрондық пошта және интернетті пайдалана отырып, бір тұлғаның екінші тұлғаға қысым көрсеткені үшін әкімшілік жауапкершілікті белгілеу;

-харассмент үшін жауапкершілікке тарту.

Балаларға қатысты:

- бұған дейін педофилия үшін сотталған және, өкінішке қарай, бостандыққа шығатындар үшін соттылығы жойылғанына қарамастан өмір бойына әкімшілік қадағалауды енгізу ұсынылады, осылайша олар үнемі құқық қорғау органдарының бақылауында болады;

- балаларға, ересектерге арналған барлық жабық интернаттық мекемелерге (балалар үйлері, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған интернаттар, қарттар үйлері және т.б.) күтпеген тексеру жүргізу нормасын енгізу және т. б.

«Заң мен Тәртіп қағидаты мен құндылықтар Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс.