Президент сұхбатында экономиканы ілгерілету жолында бірнеше бағытты айқындады - депутат
Экономика қалыпты даму үшін жүзеге асырылып жатқан жобалардың нәтижелігі мен тиімділігі маңызды
Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында экономикалық көрсеткіштерді арттыруға арналған бастамалар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Егемен Қазақстан” газетіне берген сұхбатында “Шын мәнінде, мен үшін макроэкономикалық көрсеткіштер соншалықты маңызды емес, азаматтардың тұрмыс сапасының іс жүзінде жақсаруы одан әлдеқайда маңыздырақ” деп нақты ұстанымын жеткізді. Сұхбатта Президент экономикамызды ілгерілету жолында бірнеше бағытты айқындады. Біріншіден, ауқымды өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыру. Бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізілуде. Енді жобаларға талдау жасалып, олар инвесторлар, сарапшылар және бизнес өкілдерінің қатысумен пысықталады. Мемлекет қолдау көрсетеді», - деп жазады Сабильянов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету туралы заң нормасын жақында Парламент Мәжілісі мақұлдады. Заңсыз шығарылған активтер елге қайтарылуда, әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға оң әсерін тигізуде.
«Экономикамызда басты міндеттің бірі - инвестиция тарту. Осыған байланысты Инвестициялық штаб құрылды, оған инвестициялық ахуалды жақсарту үшін ауқымды өкілеттілік берілді. Екіншіден, Президент инвесторларға қолайлы жағдай жасаумен қатар, бюджет кірісінің азайып кетпеуіне ерекше мән беріп отыр. Бұған Парламент Мәжілісінде талқыланып жатқан Бюджет кодексінің алатын орны ерекше. Бұл орайда, депутаттар бюджет қаражатының мақсатына сай жұмсалуын, тиімділігін қамтамасыз етуге, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тиімділігін арттыруға, дивиденттерді толық төлеуге бағытталған ұсыныстар енгізді», - дейді ол.
Сонымен қатар, депутат Мәжілісте жан-жақты тақыланып жатқан Мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасы мен Жаңа Салық кодексінің маңызды құжат екенін атап өтті.
«Кәсіпкерлік пен бәскелестікті дамыту,жекеменшікті қорғау өте маңызды. Бұл бағытта Президент тапсырмасына сәйкес нақты жұмыстар істелуде. Атап айтатын болсам, жақында Парламент Мәжілісі кәсіпкерлік қызметті жақсартуға, кедергілерді алып тастауға, мемлекеттік бақылау мен тексеру жүйесін реттеуге байланысты бизнесті жүргізу мәселелері туралы заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жіберді. Экономикамыз дамыса халықтың әл-ауқаты жақсарады. Бюджетке түсетін кіріс ұлғаяды. Бұл бағытта жұмыстар жүйелі болуы қажет», - деп атап өтті Нұртай Сабильянов.