Орталық Азия елдеріне гуманитарлық көмек көрсетуге дайынбыз – Тоқаев
Президент Нұр-Сұлтандағы азық-түлік тауарлары сақталған қойманы аралады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Continental Logistics» ЖШС-ның көлік-логистика орталығына барып, 6 мың тоннадан астам азық-түлік тауарлары сақталған қойманы аралап көрді. Жалпы Нұр-Сұлтан қаласының аумағында көлемі 222 мың шаршы метр болатын 7 логистикалық кешен және 37 мың тонна азық-түлік өнімдерін сақтауға арналған 7 көкөніс қоймасы бар. Бұл туралы Ақорда сайтында жарияланды.
Президентке елорда мен өңірлерді азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі жайында баяндалды. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мақсатында қабылдаған шаралар туралы мәлімет берді. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров көкөніс өнімдерін, бидай мен ұн жеткізу жайын баяндады. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елорданың қазіргі ахуалы жөнінде есеп берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке облыстар мен қалалардың әкімдерімен бірлесіп, азық-түлік тауарлары бағасының қымбаттауына жол бермеуді, алып-сату фактілерінің алдын алуды, сондай-ақ, тұрақтандыру қорын толықтыруды тапсырды.
«Бұл - өте маңызды жұмыс. Халқымызды азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі - басты міндет. Осы бағытта дұрыс жұмыс жүргізу керек», - деді Тоқаев.
Президент қазіргідей төтенше жағдай кезінде азық-түлік тауарларын тұрақты жеткізу бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізуге ерекше мән берілетінін жеткізді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Орталық Азия мемлекеттерінің үкіметтері жәрдем сұраған жағдайда, Қазақстан аталған елдерге ынтымақтастықтың белгісі ретінде тиісті көмек көрсетуге әзір.
«Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттерге гуманитарлық көмек көрсетуге дайынбыз. Қазақстан - аймақтағы көшбасшы ел. Сондықтан осындай қиын-қыстау кезеңде көмекке зәру елдерге қол ұшын созу міндетіміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.