Президент жиында айқындалған басымдықтар жуық арада ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттерге жолданатынын айтты
Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамда өткен сессиясында халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл бағытындағы ынтымақтастықты дамыту туралы айтып өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мемлекет басшысының айтуынша, ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің терроризмге қарсы қызметіне жіті назар аударылады.
«Лаңкестік топтарға қосылуды жоспарлап жүрген азаматтарымыздың елден тысқары шығып кетуіне жол бермеу үшін бірлескен жұмысты жалғастырған жөн. Терроризмге және экстремизмге қатысы бар адамдарды іздеу, ұстау және экстрадициялау тетіктерін іске қосу маңызды. ҰҚШҰ Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының комитеті жанындағы терроризм мен экстремизмге қарсы күрес мәселелерімен айналысатын сарапшылардың Жұмыс тобын жандандыруды ұсынамыз», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Ұйым есірткі және психотропты заттардың заңсыз айналымына да қарсы күрес жүргізуге тиіс.
«ҰҚШҰ-ға мүше елдердің кеңістігін осы қауіпті заттың енуінен қорғау үшін бірлескен іс-шаралардың тиімділігін арттыру қажет. Жұмыс ретін барлық өзекті факторды, соның ішінде синтетикалық есірткінің таралу аясы кеңейе түскенін ескере отырып ұйымдастыру керек. Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жүргізетін құзыретті органдар жетекшілерінен құралған Үйлестіру кеңесі сияқты механизм маңызды рөл атқарады», – деді Мемлекет басшысы.
Президент қару-жарақтың заңсыз айналымымен және трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтармен күресуді, төтенше жағдайлардың алдын алу және оның салдарын жою мәселелері бойынша ынтымақтастықты нығайтуды, ақпараттық технология саласындағы қылмыстарға қарсы іс-қимылды ортақ жұмыстың маңызды бағыттары деп санайды.
«Қазіргі жағдайда қауіп-қатердің сипаты мен кибер қылмыскерлер қолданатын қару түрлері де тез өзгеріп жатыр. Мұны біздің негізгі құралымыз – ҰҚШҰ-ның ақпараттық технология саласындағы қылмыстарға қарсы іс-қимыл жөніндегі «ПРОКСИ» операциясын іске асыру кезінде ескеру керек деп санаймыз», – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның төрағалық ету кезеңінде жүзеге асыру үшін айқындалған басымдықтар жуық арада ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттерге жолданатынын айтты. Мемлекет басшысы Ұйымға мүше елдердің бірлескен күш-жігерінің арқасында ұжымдық қауіпсіздік жүйесін нығайту және оны одан әрі дамыту үшін кешенді жұмыстар жалғаса беретініне сенім білдірді.