$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Қазақстан көлік инфрақұрылымын дамытуға мүдделі»: Тоқаевтың ҚХР сапары жайында сарапшылардың пікірі

Сарапшылардың пікірінше, қос президенттің кездесуі елімізді жаңа транзиттік хабқа айналдыруға мүмкіндік береді

«Қазақстан көлік инфрақұрылымын дамытуға мүдделі»: Тоқаевтың ҚХР сапары жайында сарапшылардың пікірі

Қазақстан Президентінің Бейжіңге ресми сапарының екінші күні «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумына қатысып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қытайдың жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі шешуші рөліне назар аударып, оны экономикалық және технологиялық дамудың локомотиві ретінде атап өтті. Президенттің Қытайға сапарынан еліміздің дамуына қандай жаңа мүмкіндіктер ашылмақ? Экономикаға қаншалықты әсері бар? «Бір белдеу, бір жол» жобасын жаңа белеске көтеру кезінде қандай өзгерістер болмақ?  Azattyq Ruhy тілшісі ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы мен экономистердің пікірін білді. Саясаттанушы Әділ Кәукеновтың пікірінше, Қазақстан өзінің көлік инфрақұрылымын дамытуға мүдделі. Әлем елдері  жүк тасымалы, жолы құрылысы сынды экономиканың локомотиві саналатын түрлі бағыттарды дамыту үшін бәсекелесіп келеді. Ал дәл бұл тұрғыда Қазақстан ауқымды жобаны он жыл бұрын бастап қойған.

«2013 жылы Астанада жарияланған «Бір белдеу – бір жол» бастамасына биыл 10 жыл. Алғашқы күннен бастап қазіргі заманның Жібек жолын дамытуға белсенді қатысып келе жатқан Қазақстан үшін де бұл ерекше күн. Сонымен қатар бұл бірлескен күш-жігер Еуропа мен Азияның өзара байланысы үшін маңызды нәтиже беретінін атап өткен жөн.  Көлік инфрақұрылымындағы жұмыс  нәтижесінде қазіргі таңда Қытай мен ЕО арасындағы Қазақстан арқылы контейнерлік тасымалдар 104 есеге жуық өсті. «Бір белдеу, бір жол» жұмыс істеген он жыл ішінде Қазақстан мен Қытай арасындағы темір жол арқылы 6,5 млн-нан астам контейнер тасымалданды. Бұл ретте Қазақстан арқылы Қытай – Еуропа – Қытай бағытында контейнерлік тасымалдау көлемі 100 еседен астам, яғни 2013 жылғы 7,6 мың контейнерден 2022 жылы 790 мың контейнерге дейін өсті», - деді ҚСЗИ бас сарапшысы.

Қазақстан Президентінің Қытайға ресми сапары «Бір белдеу, бір жол» жобасына жаңа серпін берді. Қазақ билігі келіссөздер арқылы маңызды құжаттарға қол жеткізді.  Сапар шеңберінде жалпы құны 16,54 миллиард доллар болатын 30 коммерциялық құжатқа,  соның ішінде инвестициялық, сауда келісімдеріне, өндіріс технологиясын беру, кредит желісін ашу және тағы да басқа бағыттарды қамтитын келісімшарттарға қол қойылды. Қазақстан үшін ғана емес, әлем елдері үшін де маңызға ие келісмшарттың бірі – темір тасымалын жандандыру.

«Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасының бір бөлігіне айналған «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бүкіл әлемде үлкен ынтамен қабылданғанын атап өткен жөн. Қытай инфрақұрылымды дамыту арқылы әлем аймақтарын дамытудың жаңа моделін ұсынады. Қытай нұсқасы экономикалық өсудің көптеген жылдарында жинақталған «Белдеу және жол» жобаларына Бейжіңнің инвестиция салуымен қызық.

Өз кезегінде Қазақстан жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес өзінің көлік инфрақұрылымын дамытуға мүдделі. Бұл қазақстандықтарға жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қазақстанның орасан зор аумақтарын заманауи бағыттармен қамти отырып, қазақстандық өнімдердің әлемдік нарықтарға шығуы үшін қолайлы жолдар жасайды.

Қазақстан мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасын іске асыру туралы нақты айта отырып, географиялық факторларға байланысты ҚХР-мен шекаралық сауда бірнеше нақты аумақтарда ғана мүмкін болатынын түсіну қажет. Олардың ішінде ауқымды әрі танымалы – «Достық» шекаралық өткелі. Бұл шекара өткелі арқылы автомобиль және теміржол магистральдары өтіп, өте тар жерде көлік кластерін құрайды. Қытай мен Қазақстан арасында келешегі бар жобалардың бірі – осы көлік кластерін кеңейту, сондай-ақ осы учаске арқылы өтетін тауарларды интернационалдандыру. Көлік ағынын интернационалдандыру және кеңейту аясындағы алғашқы қадамдардың бірі – Батыс Еуропа – Батыс Қытай автокөлік дәлізін салу және Қорғасқа дейінгі теміржолды өткізу болып саналады», -деді Әділ Кәукенов. 

Бүгінде «Бақты – Чагучак» шекара өткеліне дейін жаңа теміржол жолын іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл тар жерлерді кеңейтудің және трансконтиненталдық сауданы дамытудың жаңа нүктелерін құрудың тағы бір маңызды факторы болады. Қаржы сарапшысы Айбар Олжаевтың сөзінше, Қытай осы кездесуден соң Қазақстанды айналып өтетін жобаларды тоқтатты. Еуропаны қойып, Ресейдің өзіне жүк тасымалы енді Қазақстан арқылы барады.

«Бір белдеу, бір жол» форумының аясында өткен Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин кездесуінің негізгі түбі – «Тачен – Аягөз» теміржолы туралы келісімге қол қою болатын. Ол нені білдіреді? Бүгіннен бастап Қытай Қазақстанды айналып өтіп Еуропаға баратын барлық жобаларын түгел тоқтатты және «Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан» теміржолы жоспарын арғы жәшікке ысырып тастады. Үш күн бұрын Бішкекке өз минералкасымен барған қазақтар Алатаудың ар жағындағы ағайынға осы жаңалықты сөзбен емес, ыммен білдірген еді. Тағы бір жағымды жаңалық – Қытай Еуропа ғана емес, тіпті Ресейге де Қазақстан арқылы шығатын болады. Енді тез арада салынатын «Тачен-Аягөз» теміржолы Шыңжанды Аягөзбен байланыстырып, составтарды ары қарай Ресейдің Транссібір магистраліне және Қазақстанның ішкі теміржол системасымен байланыстырып, Ақтау портына шығарып бермек. Қазір Ресей мен Қытай арасындағы теміржол арқылы тауар тасу Маньчжурия – Забайкальск, Суйфынхэ – Гродеково бекеттері арқылы жүреді. Бірақ Аягөзге жол ашылса, Қытай үшін Ресейге Қазақстан арқылы шыққан анағұрлым тиімді болмақ», - деді ОБСЕ ұлттық кеңесшісі Айбар Олжаев.

Бұған дейін Қытай Еуропаға тек Алматы облысындағы Достық-Алашанкоу, Алтынкөл-Қорғас арқылы тауар тасып келді. Қаржыгердің пікірінше, қос президенттің кездесулері елімізді жаңа транзиттік хабқа айналдырады. Темір жол алдағы екі жылдан соң пайдалануға беріледі. Бұл өз кезегінде жекелеген облыстардың да жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік береді.

«Енді Абай облысы арқылы жаңа қақпа ашса, онда Абай өңірі транзиттік хабқа айнала бастайды. 2025 жылы жаңа облыс қосымша 20 миллион тонна жүк айналымын қосып алады деген жоспар бар. 2022 жылы Абай облысы Қытайға 25 миллион доллардың тауарын экспорттады. Бірақ басты фокус экспортқа емес, транзиттік логистикаға берілетін болады. Абай облысы аса қиналмай өз жағдайын жасап алатын мүмкіндікке ие болайын деп тұр. «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы Еуразия даму банкінің көмегімен Аягөз-Тачен жолының техникалық-экономикалық негіздемесін аяқтап бітті. Теміржол 2025 жылы пайдалануға берілуі тиіс. Пекиннен қайта ұшатын Airbus 330 Қазақстанға қол қойылған 30 контракт алып келетін болады», - деді Қазақстан орнықтылық қорының қаржы сарапшысы.

Әдетте инфрақұрылымдық жобалар стратегиялық бағытта Азия даму банкінен тартылған несиелер сияқты қарыздық қаржыландыру есебінен құрылады. Қазақстан  инвестициялар үшін перспективалы ел саналады. Мемлекет басшысы «Бір белдеу, бір жол» жобасының теңдессіз әрі ауқымды халықаралық ынтымақтастық үшін пәрменді платформаға айналғанын кездесу барысында еске салған еді. Оның айтуынша, Азия, Еуропа және Африканың 150-ден астам елі осы жобаға қатысып отыр. «Бір белдеу, бір жол» Ұлы Жібек жолы ренессансына тың серпін берді десек, артық айтқанымыз емес. Сондықтан Қытайдың бұл бастамасы – ХХІ ғасырдың мегажобасы», деді Президент.

«Негізгі бағыттардың бірі – инфрақұрылымдық жобалардағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік. Демек, бүгінгі таңда Қазақстан бүкіл Еуразия континентіндегі Орталық Азия арқылы өтетін Жаңа Жібек жолы негізгі бағыттарының бірі бола отырып, «Белдеу және жол» бастамасы арқылы капитал тарту бойынша өзінің барлық мүмкіндіктерін пайдаланады», -деді Әділ Кәукенов.

Серіктес жаңалықтары