Израиль Премьер-Министрі Биньямин Нетаньяху «Хамасқа» ресми түрде соғыс жариялады.
Соңғы ресми мәлімет бойынша, Палестинаның ХАМАС қозғалысы түнде Израильдің Сдерот қаласына шабуылдады. Әзірге, оның салдарынан нақты қанша адамның зардап шеккені белгісіз.
ХАМАС 130-дан астам израильдік азаматты тұтқынға алып, Газаға жеткізген. Олар бұл адамдарды Израиль түрмелерінде отырған мыңдаған палестиналыққа айырбастағысы келеді. Тұтқындар арасында бейбіт тұрғындар, әйелдер, балалар және қарт адамдар бар.
ҚАҚТЫҒЫС 7 ҚАЗАНДА БАСТАЛДЫ
7 қазанда жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 06:30-да Израильдің бірнеше қаласы – Тель-Авив, Иерусалим және Ашкелон тұрғындар әуе дабылы сиреналарының дыбысынан оянды.
«Жұма күні күн батқаннан басталған Шмини-Ацерет мерекесі болды. Кешке синагогаларда билеп, көңіл көтердік. Ал таңертең бізді сиреналар оятып, жарылыстың дыбысын естідік», - дейді жергілікті тұрғын Бершон Коган.
Палестинаның ХАМАС қозғалысы Израильге қарсы «Әл-Ақса дауылы» әскери операциясын бастады. ХАМАС әскери қозғалыс қанатының басшысы Мұхаммед Дейфтің айтуынша, таңғы уақытта Израиль аумағында 5 мыңнан астам зымыран мен снаряд атылды.
ИЗРАИЛЬ РЕСМИ «СОҒЫС ЖАҒДАЙЫН» ЖАРИЯЛАДЫ
Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяху қауіпсіздік өкілдерінің шұғыл жиналысын ашып, ел соғыс қарсаңында екенін мәлімдеді. Қорғаныс армиясы осылайша 50 жылда алғаш рет елде соғыс жағдайын жариялады. Израиль әскери күштері жауап ретінде аймақта әскери операцияны бастады.
«Израиль азаматтары, біз соғыс жағдайында, операцияда немесе (жауынгерлік) раундтарда емес, соғыс жағдайында тұрмыз. ХАМАС Израиль Мемлекетіне және оның азаматтарына тосын шабуыл жасады. Біз соғыс жағдайындамыз және біз бұл соғыста жеңеміз», - деді Израиль Премьер-Министрі Беньямин Нетаньяху.
3-ТӘУЛІК: ҚҰРБАНДАР САНЫ МЫҢНАН АСТЫ
Қақтығыстың үшінші тәулігінде, Израильде 700-ге жуық адам опат болып, 2 мыңнан астамы жарақат алған. Ал, Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, кемінде 413 палестиналық қаза тапқан.
ӘЛЕМ ЕЛДЕРІНІҢ ПІКІРІ ҚАҚ ЖАРЫЛДЫ
Ливиялық «Хезболла» және Палестинаның тағы бір қарулы тобы ХАМАС-қа қолдау көрсетіп, шабуылға кірісті. Израиль жауап ретінде Ливандағы «Хезболланың» нысандарына соққы берді. Израиль Сирияның Голан жоталарын 1967 жылғы соғыс кезінде жаулап алған. Ал Ливан бұл аймақты өз жері деп санайды.
Израильдік БАҚ палестиналық жасақтар елдің оңтүстігіндегі бірнеше қаланы бақылауға алғанын хабарлайды.
АҚШ Президенті Джо Байден мен Еуропалық Одақтың Жоғары өкілі Жозеп Боррель Израильге жасалған шабуылды қатаң айыптады. АҚШ тарапы Израильге әскери көмек қарастырып жатқанын хабарлады.
«Израиль Премьер-Министрі сенбі күні түстен кейін Байденмен телефон арқылы сөйлесіп, оған «күшті және ұзақ күрес қажет болады» деді», — деп хабарлады The New York Times.
Бұған жауап ретінде Америка президенті Израильді қолдайтынын және елдің өзін қорғауға толық құқығы бар екенін айтты. АҚШ Қорғаныс министрі Ллойд Остин бұған дейін Иерусалимді қолдау туралы мәлімдеме жасаған. Ол америкалық тарап Израильге қорғаныс құралдарын жеткізуге дайындалып жатқанын атап өтті. НАТО сонымен қатар Палестинаның Израиль территориясына жасаған шабуылын айыптады.
«Халықаралық қауымдастық Израильмен ынтымақтастығын көрсетуі керек. Біз Америка Құрама Штаттары сияқты Израильді толығымен қолдаймыз. ХАМАС-ты айыптау олар Израиль халқына қарсы осы қатыгез террористік әрекетті тоқтатқанға дейін жалғасуы керек», - деді БҰҰ жанындағы АҚШ елшісінің орынбасары Роберт Вуд.
Ердоған БҰҰ Палестинаның 1967 жылғы соғысқа дейінгі шекарасын қалпына келтірмейінше, тыныштық орнамайтынын айтты.
«Біз барлық тараптарды шиеленісті одан әрі күшейтетін импульсивті қадамдардан аулақ болуға шақырамыз», - деді Түркия Президенті Режеп-Тайип Ердоған.
Иран Президенті Ибрахим Раиси «ХАМАСТЫ» қолдайтынын жеткізді.
«Бұл – қарсылықтың көрінісі және жалған сионистік режимге қарсы тұру. Палестина халқы, Палестина сарбаздары, барлық Палестина топтарын бұл жеңіспен құттықтаймын», - деді Иран Президенті Ибрахим Раиси.
Алайда, ХАМАС шабуылына қатысы жоғын мәлімдеді. Иран Ислам Республикасының Иран корпусының сақшылары Израильге шабуыл жасау үшін жоспар құрғаны туралы WSJ хабарлады. Тегеранда бұл ақпарат жоққа шығарылып, Палестина қозғалысының шешімі "толығымен автономды" деп мәлімдеді.
ҚАҚТЫҒЫС ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ САНЫ САҒАТ САЙЫН ӨСІП ЖАТЫР
Екі жақтан 1100 адам қаза тауып, тағы 4 мыңнан астамы жараланған. Қақтығыс әрекеттері белсенді жалғасып жатқандықтан, құрбандары саны артары сөзсіз.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Палестина істері агенттігінің хабарлауынша, Газа секторына шекаралас аудандарда 20 000-нан астам тұрғын үйлерін тастап, аймақтағы БҰҰ мектептерінен пана тапты.
Газа секторында және Иордан өзенінің батыс жағалауында қақтығыста қаза тапқандар жерленіп жатыр.
Сымбат ҒАЛЫМЖАН