Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласына назар аударды
Мемлекет басшысы жиында «C5 + Германия» диалогы туралы бастама елдер арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретінін атап өтті, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
Қасым-Жомарт Тоқаев аймақ мемлекеттері көшбасшыларының бірлескен күш-жігерін жұмылдыруға болатын ықпалдастықтың басым бағыттарын ұсынды. Президент, ең алдымен, сауда-экономикалық қарым-қатынас, жаңа көлік-транзит дәліздерін дамыту, энергетика саласындағы кооперация мәселелеріне назар аударды.
Кездесу барысында климаттың өзгеруіне және су тапшылығы проблемасына баса мән берілді. Жиынға қатысушылар мұздықтардың еруіне және Орталық Азиядағы экологиялық ахуалдың өзгеруіне байланысты мәселелерді талқылады. Қазақстан Президентінің пікірінше, Германияның аталған проблемаларды шешудегі тәжірибесі аймақ үшін аса маңызды.
Мемлекеттер басшылары Орталық Азия өңірі мен Еуропа Одағы төңірегіндегі геосаяси жағдайға қатысты мәселелерді де қозғады. Сонымен қатар Ауғанстандағы қазіргі жағдай қарастырылды.