Ол ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілініп отыр
28 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақовқа қатысты «үйде қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтініші қанағаттандырылды. Ол ірі көлемде алаяқтық жасады (Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы) деген күдікке ілініп отыр.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2 ай мерзімге үйде қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы 26.03.2020 жылы сағат 22:28-ден бастап 26.05.2020 жылы сағат 22:28-ге дейін белгіленген.
Еске сала кетейік, 27 наурызда әлеуметтік желілерде Қызылорда облысының әкімі қамауға алынды деген ақпарат тарады. Белгілі Тelegram канал авторы Ербол Еділов Қызылорда облысының басшысы мен оның қол астындағы бірнеше лауазымды тұлға алаяқтық жасағаны үшін қамауға алынды деп хабарлады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің кейбір дереккөздерінің ақпараты бойынша, Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов алаяқтық жасағаны үшін ұсталды. Сонымен қатар, оның орынбасары Марат Делмұханов пен әкіміне туыс болып келетін екі кәсіпкер - Жеңісбек Ысқақов пен Азат Досмаилов ұсталды», - деп жазды ол.
28 наурыз күні Қуанышбек Ысқақов Қызылорда облысы әкі қызметінен босатылып, оның орнына өңір басшысы болып Гүлшара Әбдіхалықова тағайындалды.