1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгені құрайды

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді

Фото: ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырды. Бұл туралы ол Парламент палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Елімізде еңбекақының ең төменгі мөлшері үш жыл ішінде екі есе көбейді.

«Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді. Жалпы, еңбек нарығын жан-жақты дамыту үшін Үкімет қысқа мерзімде 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарды бекітуі керек.

Жаңа экономикалық саясаттың қағидалары мен басымдықтарын нақты айқындаумен қатар, алдағы реформаларды сапалы әрі толық жүзеге асыру өте маңызды. Оның табысты болуы мемлекеттік қызметшілердің біліктілігіне, жауапкершілігіне және саяси ерік-жігеріне тікелей байланысты», - деді Президент Қазақстан халқына кезекті Жолдауында.