Тоқаев: «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет

Автор: Azattyq Rýhy

Жобаның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды

Өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар ЖІӨ-нің 15% -ын ғана құрады. Бұл көбінесе отандық банктердің экономиканы дамытуға аз қатысуының салдары. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына кезекті Жолдауында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Президенттің сөзінше, мұндай ахуал Үкіметті тікелей қаржыландырумен, кепілдік және субсидия берумен айналысуға мәжбүрлейді.

«Бұл тәсіл тиімсіз, көп қаражатты талап етеді әрі нарықтық экономика қағидаларына қайшы келеді. Сонымен бірге нақты секторға берілетін кредит азайып жатқанда банктер тұтыну несиесімен әуестеніп кетті. Осы жағдай қаржы жүйесіне төнетін сын-қатерлердің көбеюіне және азаматтардың шектен тыс қарызға батуына әкеп соқтырды.

Менің 2019 жылы 500 мың азаматтың кепілсіз несиесін кешіру туралы шешімім және жақында қабылданған жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң мәселені біршама реттеді. Бірақ ахуалды біржола түзеу үшін жаңадан жүйелі шаралар қабылдау қажет. Сонымен қатар азаматтардың қаржы сауатын арттыру өте маңызды», - деді Президент.

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өту қажет.

«Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «Amanat» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет», - деді Тоқаев.