Тоқаев: Алдағы 5 жылда кемінде 14 гигаваттық жаңа электр қуаты іске қосылады

Автор: Аманалина Тоғжан

Биыл Екібастұздағы бірінші ГРЭС-тің бірінші блогын қайта құру жұмыстары аяқталады

Фото: freepik.com

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында қыста Екібастұздағы жағдай қайталанбас үшін не істеу керегін айтты, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

«Өткен қыста еліміздің жылу электр станцияларында қайта-қайта апат болды. Бұл жағдай жылдар бойы шешілмеген мәселенің бетін ашып берді. Инфрақұрылымның әбден тозуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Индустрияландыру қарқынын да тежейді. Яғни, инфрақұрылымды жаңғыртпасақ, жаңа экономикалық үлгіге көшу мүмкін емес. Үкімет жаңа инфрақұрылымдық жоспарда осы саладағы барлық түйткілді ашық көрсетіп, оны шешу жолдарын анықтауға тиіс», - деді ол.

Ол энергетикалық қауіпсіздік мәселесін де шешу қажетін айтты.

«Бұл салада қолдан келгенше өз ресурстарымызға арқа сүйеген абзал. Басты міндет электр энергетикасы саласына жүктеледі. Алдағы 5 жылда кемінде 14 гигаваттық жаңа электр қуаты іске қосылады. Биыл Екібастұздағы бірінші ГРЭС-тің бірінші блогын қайта құру жұмыстары аяқталады. Бұрын ешқашан толық қуатын пайдаланып көрмеген станцияның 8 блогы түгел жұмыс істейтін болады. Қазір екінші ГРЭС-ті кеңейту жобасы жүзеге асырылып жатыр, үшінші ГРЭС-тің құрылысы басталады», - деді ол.

Авторы: Аягөз Құрмаш