20 тамыз күні 3 облыстағы 21 ауыл әкімінің сайлауы өтеді – Ерлан Қарин

Автор: Azattyq Rýhy

2023 жылдың соңына дейін барлығы 199 елді мекенде жаңадан әкімдер сайланады

Өткен жексенбі күні яғни 13 тамызда еліміздің 7 облысында 17 ауылдың әкімі сайланды. Соңғы екі жылда Президенттің саяси реформалар бағдарламасы аясында ауыл әкімдерін халықтың өзі тікелей сайлайтын болды. Осы уақытқа дейін 1 668 ауыл, ауылдық округ, аудандық маңызы бар қала әкімдері сайланды. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өзінің Telegram парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Үміткерлердің 75 пайызын саяси партиялар ұсынса, қалған 25 пайызы өзін-өзі ұсынушылар. Сондай-ақ сайланған әкімдердің жартысынан астамы (57,4%) бұрын мұндай қызмет атқармаған. Бұл ауыл әкімдерінің корпусы айтарлықтай жаңарды деген сөз. Бұдан бөлек жергілікті әкімдердің құрамы да біршама «жасарды». Бүгінде сайланған әкімдердің орташа жасы 45 жасты құрайды», - деп жазды ол.

Сондай-ақ Ерлан Қарин алдағы жексенбіде, 20 тамыз күні 3 облыстағы 21 ауыл әкімінің сайлауы өтетінін мәлімдеді. 2023 жылдың соңына дейін барлығы 199 елді мекенде жаңадан әкімдер сайланады. Солайша, ауыл әкімдерін сайлау еліміздің саяси өмірінде қалыпты құбылысқа айналды.