2020 жылдан бері бейбітшілік туралы келісімдер талқыланып жатыр.
«Көпжылдық келіспеушіліктерге қарамастан, бейбітшілік орнатуға болады». Таулы Қарабақтағы жағдайға қатысты Әзірбайжан мен Армения басшылары осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Euronews ақпаратттық порталына сілтеме жасап.
«Егер біз Армения тарапынан сындарлы көзқарасты сезінсек, ең бастысы, олар біздің аумақтық тұтастығымызға қарсы тұру ұмтылыстарын доғарса, онда біз жақын арада, тіпті, жылдың соңына дейін бейбіт келісім жасаймыз», - деді Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев.
Әзірбайжан мен Армения арасындағы қанды қақтығыс ошағына айналған Таулы Қарабақта жағдай әлі де тұрақсыз. Халықаралық қауымдастық бұл аймақты Әзірбайжан территориясы деп таниды, бірақ 120 мыңға жуық этникалық армян өкілі аймақтың кей бөлігін бақылауда ұстайды. 2020 жылдан бері бейбітшілік туралы келісімдер талқыланып жатыр.
«Бейбіт келісім «мүмкін» емес, қажет. Бұл – менің ұстанымым. Бірақ бұл үшін халықаралық қауымдастық маңызды нюансты ескеруі керек, сонда ғана жылдам қарқынмен келісімге келе аламыз. Еуропалық Кеңестің төрағасы Чарльз Мишель қатысқан Брюссельдегі соңғы кездесуімізге қайта оралуға рұқсат етіңіз. Әзірбайжан Президентімен келістік, дәлірек айтсақ, Армения мен Әзірбайжан бір-бірінің аумақтық тұтастығын мойындайтынын түсіндік: Армения аумағы – 29 800 шаршы шақырым, Әзірбайжан аумағы – 86 600 шаршы шақырым. Алайда, Әзірбайжан Президенті біздің келісімімізді көпшілік алдында растаған жоқ. Сондықтан күдік көп», - деді Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян.