«Депутатты – жезөкшеге, аналарды малға теңеді»: белсенділер Владимир Божкоға тағы не үшін өкпелі?

Автор: Azattyq Rýhy

ҚХА өкілдері Мәжіліс депутатының өкілеттігін тоқтатуды талап етіп отыр

Бүгін Алматыда қоғам қайраткерлері, Қазақстан халқы ассамблеясы өкілдері бірігіп, баспасөз мәжілісін өткізгенін бұған дейін хабарладық. Олар ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Владимир Божкоға кінә тағып, оның депутаттық өкілеттігін тоқтатуды Мемлекет басшысынан талап етіп отыр.

ҚХА өкілдерінің Божкоға таққан айыптары расымен де тым ауыр. Айтуларынша, Мәжіліс депутаты «әлеуметтік алауыздық тудырып, рейдерлікпен айналысқан, өзгелерге қорлық көрсеткен». Сондықтан оның үстінен құқық қорғау органдарына шағымданамыз деп отыр. Ал, оған дейін Владимир Божконы депутаттық өкілеттігін тоқтатумен қатар, ҰҚК генерал-лейтенанты шені үшін мемлекеттен алатын жеңілдіктерден айыру керек дейді олар.

Қайраткерлер депутатқа не үшін өкпелі? Сол жайында тарқатып жазсақ...

Брифингке келген «Қазақстан орыстар қоғамдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі басшысының орынбасары Михаил Киндалевтің айтуынша, Владимир Божко орыс казактары қоғамдық ұйымдарына қысым көрсеткен.

«2017 жылдың сәуірінде біз үйлестіру кеңесін шақырдық. Ол жерге өте маңызды тұлғалар шақырылды. Божко әкімшілік мәртебеге ие, оның орыс, казак, славян ұйымдарының үйлестіру кеңесінің жұмысына араласуы туралы мәселе көтердік. Бірақ, ол араласып қана қоймай, қысым жасады. Бұл біздің қызметімізге кері әсерін тигізді. Мұнан кейін біз ресми түрде Нұрсұлтан Назарбаев пен Парламент депутаттарынан Божконың деструктивті әрекеті мен ережелерді бұзу мәселесін қарастыруды сұрадық», - деді Киндалёв.

Баспасөз мәжілісін ұйымдастырғандар депутаттың тым анайы сөйлейтінін де айтты. Есте болса, 2016 жылы Қарағандыдағы этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесуде Божко Украина депутаты Ирина Фарионды «жезөкше» деп айыптаған еді.

«Тарих әлгі жезөкшені – Фарионды орнына қояды деп үміттенемін. Кешірім өтінем, бірақ ол «Украинада орысша сөйлейтіндер адам емес, олардың құқығы жоқ» деген еді», - деп Владимир Божко украиналық әріптесін сырттай балағаттаған.

Алайда, бұл мәлімдемесінен кейін Божко Мәжіліс отырысының кулуарында журналистер алдында кешірім сұраған болатын. Бірақ, заңгер Василий Резанның сөзінше, депутат ол кезде қоғам тарапынан болған қысымнан кейін амалсыз райынан қайтқан.

«Ол әлеуметтік көмек сұраған көпбалалы аналарға да тіл тигізді, биліктің алдында тізерлеп тұрып рахмет айтсын деді, оларды «қораға тұрғызу керек» деді. «Тізерлеп алғыс айту» мен «қораға тұрғызу»  деген сөздің мағынасы қандай? Әрине, бұған филологиялық сараптама қажет, сол ғана бұл мәселеге нүкте қоя алады. Бірақ бұл сөздер адамды малға теңегендей. Жоқ дегенде адамды қорлау боп саналады. Ешкімнің әлеуметтік араздықты қоздыруға құқығы жоқ. Сондықтан біз Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің барлығын өз ұстанымдарын білдіруге шақырамыз. Конституцияға сәйкес, Божко мырзаның айтқандарына қызметтік тексеріс жүргізу керектігін сұраймыз», - деді заңгер Василий Резван.

Есте болса, 2017 жылы Владимир Божко «ауыл жастарының қалаға көшіп келуіне шектеу қою керек» деп те басы дауда қалған болатын. Артынша, ол өзінің бұл сөзін «ауылдағы жастарға жағдай жасау керек» деген оймен айттым деп ақталған.

Ал, биыл 3 қыркүйекте ҚХА отырысында В.Божко: «Биліктің істеп жатқан жақсылығын көру керек, сандарға қараңыздар, соңғы үш жылда әлеуметтік көмек 17 есеге өсті. Осы үшін тізерлеп тұрып, мемлекетке алғыс айтуға болады. Адамдар түк істемей тек бәрін беруді талап етеді», - деген еді.

Заңгер Василий Резванның айтуынша, депутат қарапайым халыққа шүйлікпестен бұрын өз отбасындағы жағдайға бір қарауы керек. «Божконың ұлының кәсібі өрге домалаумен қатар, қызметі де әкесінің қызметімен бірге өсті. Ол халықтың әлеуметтік осал топтарынан есеп сұрамастан бұрын, өз отбасындағы кірістің қайдан кеп жатқанын айтуы керек», - дейді заңгер.

«Азат Қазақстан» азаматтық қозғалысының төрағасы Қожа-Ахмет Хасен Қызылағаштағы су тасқынына Божко да кінәлі деп есептейді. Яғни, ол да жауапқа тартылуы керек еді дейді белсенді азамат.

«Божко біздің бәрімізді тізерлетіп қойғысы келеді. Біз ешқашан тізерлемеген халықпыз. Мұндай сөздерді ол қандай мақсатта айтты? Мұндай кадр Қазақстан билігіне не үшін қажет?Божконы Қызылағаштағы апат кезінде жауапқа тарту керек еді ғой... Егер су қоймасындағы жағдайды қадағалап отырса қайғылы жайт болмас еді», - деді Қазақстан-Славян-Түркі ынтымақтастығы қозғалысының төрағасы Қожа-Ахмет Хасен.

Қоғам қайраткерлерінің айтуынша, Владимир Божконы өкілеттігінен айыру туралы үндеуді бүгін пошта арқылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевке, ҚР ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовке және Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке жіберді.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы