2025 жылға қарай Қазақстанның ЕО елдерімен өзара тауар айналымы 50 миллиард долларға жетуі мүмкін - Тоқаев

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстанның Еуропалық Одақпен өзара іс-қимылы 29 негізгі бағыт бойынша белсенді дамып келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» басшыларының екінші кездесуінде Орталық Азия мен Еуропалық Одақ ынтымақтастығының келешегі өте зор екенін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша еуропалық инвестициялар ағыны 23%-ға артып, 12,5 миллиард долларды құраған.

«Қазақстанға 30 жыл ішінде тартылған жалпы құны 350 миллиард долларды құрайтын шетелдік инвестициялардың жартысына жуығы Еуропадан келді. Еуропалық Одақ Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі болып табылады, оның үлесіне біздің сыртқы саудамыздың 40% - дан астамы тиесілі.

Өткен жылы Қазақстанның ЕО елдерімен өзара тауар айналымының көлемі 40 миллиард долларды құрады. Біздің 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 50 миллиард долларға жеткізуге барлық мүмкіндігіміз бар деп санаймын», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстанның Еуропалық Одақпен өзара іс-қимылы Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттермен кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісіммен бекітілген 29 негізгі бағыт бойынша белсенді дамып келеді.

«Қазақстанда Shell, Eni, Total, Air Liquide, Alstom, Siemens және басқалары сияқты трансұлттық корпорацияларды қоса алғанда, Еуропалық капиталдың қатысуымен үш мыңнан астам компания жұмыс істейді.

Біздің жан-жақты әріптестігіміз сирек жер металдарын өндіру, «жасыл» сутегін өндіру сияқты маңызды салалардағы стратегиялық жаңа уағдаластықтармен нығайтылатынын атап өтемін.

Серпінді жобалардың бірі - Svevind неміс-швед компаниясының жел және күн электр станцияларын орнату және Қазақстанда үш миллион тонна «жасыл» сутегін өндіру зауытын салу бастауы болды. Бұл ЕО-ның осы өнімге деген қажеттілігінің шамамен 20% құрайды», - деді Президент.

Былтыр қараша айында Еуропалық Комиссияның Президенті Урсула фон дер Ляйенмен бірге еліміз шикізат, аккумуляторлар және жаңғыртылатын сутектің құнын жасақтау тізбегі бойынша стратегиялық серіктестік туралы меморандумға қол қойды.

«Біздің көпқырлы ынтымақтастығымызды одан әрі дамыту үшін мүмкіндік мол. Географиялық жағдайын ескере отырып, Қазақстан Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы өзара тиімді кооперацияны кеңейту үшін өзінің сауда-экономикалық және көлік-логистикалық мүмкіндіктерінің барлық спектрін іске қосуға дайын», - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.