$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.03.2020, 16:47
Саясат

Әр азамат бейбіт митингке шығуға толық құқылы – Елнұр Бейсенбаев

 «Жас Отан» төрағасы жаңа қызметі мен жастар саясаты туралы

Әр азамат бейбіт митингке шығуға толық құқылы  – Елнұр Бейсенбаев

Елнұр Бейсенбаев бір кездері Қазақстан коммунистік халық партиясының Алматы қалалық филиал хатшысы болған. Қаңтар айында ол «Нұр Отан» партиясының құрамындағы жастар қанаты саналатын «Жас Отанның» төраға қызметіне сайланды. Azattyq Ruhy тілшісі Елнұрмен еліміздегі жастардың саяси белсенділігі, ауыл жастарының жұмыссыздығы мен басқа да тақырыптар төңірегінде сұхбаттасып қайтқан еді.

- Елнұр мырза, сізді «Жас Отанға» төраға болды деп естігенде, өзгелерді білмеймін, өзім таңқалдым. Қайбір жылы коммунистер партиясының сойылын соғып жүріп, аяқасты билік партиясына ауысып кетуіңізге не себеп болды? Коммунистер ренжітті ме, әлде билікке біртабан жақындағыңыз келді ме?

- 2012-2015 жылдары сол партиямен іргелес жұмыс атқардық. Бірақ заман өзгереді, талап өзгереді. Бастапқыда әлеуметтік ұрандары ұнаған сыңай танытып, жалпы, бағдарламалары көңілге қонымды болғанымен, іс жүзінде басқа партиялардың мүмкіндіктері жоғары екенін байқадым. Олай деуіме себеп те жоқ емес. 2015 жылы мен мұғалім болып жұмыс істеп жүрген кезде, «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалымен тікелей тығыз қарым-қатынас жасадық. Сонда партиялық бақылаумен бірге көптеген түйінді мәселелерді шештік.  Содан қазіргі жастар нақты істердің партияларымен бірге болуымыз керек шығар деген ой түйдім. Қазақта «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген сөз бар. Сондықтан біз сияқты жастардың мықты партиялармен бірігуі арқылы өз еліміздің қисығын түзеудің оңтайлы жолдары бар сияқты көрінді. Осылайша «Коммунистер» партиясының мүшелігінен шығып, ондағы қызметімнен кетіп, «Нұр Отан» партиясына өттім. «Нұр Отан» өз бағдарламасын, бағыт-бағдарын әрқашан заманға сай өзгертіп келе жатқан бірден-бір партия. Ал «Коммунистік» партияның бағдарламасы сол баяғы, көп нәрсе сөзбен ғана шектеліп қалды.

- Түсінікті. «Жас Отанға» төраға болып тағайындалған уақыттан бері өңірлерді аралап, жастармен кездесіп жүрсіз. Шыны керек, аймақтағы жастардың саяси белсенділігі төмен. Олар депутаттардан гөрі, өнер жұлдыздарын жақсырақ таниды. Билікке емес, әншілерге сенеді. «Жас Отан» деген ұйымның барын білмейтіндері қаншама?! Жастардың саяси белсенділігін арттыру қажет деп есептейсіз бе? Қажет деп есептесеңіз қандай жұмыстар атқарылуы керек?

- Саяси белсенділік деген түсінікті мемлекетте болып жатқан тікелей саяси дүниелермен салыстырып, өлшеудің қажеті жоқ. Жалпы, азаматтың саяси белсенділігі деген өзінің жасап жатқан қызметімен де байланысты болуы мүмкін. Кез келген саяси белсенді немесе саяси мәдениетті азамат саясаттан хабардар бола бермейді, жалпы, елде жүріп жатқан, қолданып жатқан бағдарламалардың дұрыс жосығын көріп жатқан азаматты саяси белсенді деп есептеуге болады.

- Сонда сіздіңше, саяси белсенді биліктің тек қана дұрыс жағын көретін жан ба? Ал кем-кетігін көретіндер ше?

- Ол қатарда кем-кетігін көретіндер де бар. Жаңа сіз жастармен кездесіп жүргенімді айтып қалдыңыз. Мысалы, мен базардағы жастармен кездескенде, олардың көзқарасы өзгеше болды. Олардан «Саудаңыз қанша?», «Жас Отан» ұйымы туралы естуіңіз бар ма?» деп сұрастырдық. Сонда көп жастар «Жас Отанды» білмеймін, «Нұр Отанды» естуім бар» дейді. Олардың көпшілігі базардың тұрақты жұмыс істеуі, ондағы қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуі, экономикалық тұрақтылық, кіріс-шығыстың болуы үлкен мемлекеттік аппараттың, осындай саяси ортаның жалпы жұмысының қорытындысы екенінен бейхабар. Осыны саяси белсенділік пен саяси мәдениеттіліктің төмендігі деп қарастыруға болатын шығар.

Ал неге олар үшін жұлдыздар, вайнерлер танымал десек, өйткені, олар танымал тұлғалардың әлеуметтік желісін күнде көреді. Солармен бірге байланысқа шығады. Ол әлемде де сондай. Біздің аудитория азаматтардың алдына шығып, мәселе көтерумен ғана емес, арттағы бэкграундта тыңғылықты жұмыстар атқарумен айналысады. Осындай себептерге байланысты «Жас Отанның» жұмысының көрінбейтін тұстары бар.

Бірақ негізі, Қазақстанда жастардың саяси белсенділігі басқа елдермен салыстырғанда өте жоғары. Әлеуметтік желідегі саяси белсенділік солардың бірден бір көрінісі. Біздің желіде шығарып жатқан көптеген ақпараттарымызға жастар тарапынан фидбек жауаптар келіп жатыр. Біз «Жастар – Отанға!» бағдарламасын жариялап, қазір жұмысын істеп жатырмыз. Аталған жобаның қаңқасы дайын. Осы бағдарлама аясында жастардан ұсыныс алған кезде, ауыл жастарынан әртүрлі бағытта 3000-ға жуық ұсыныс келді.

- Сол жастар тарапынан ең көп ұсынылған ұсыныс қандай?

Бос уақытын тиімді пайдалануға орталықтар керек дейді. Ауылдағы жастар интернет арқылы ірі қалалардағы мәдени орталықтарды көріп отыр, олар соның өздерінде болғанын қалайды. Екінші мәселе, сапалы білім. Өйткені, ағылшын тілінің мұғалімі жетіспейді. Кітапхана қоры өте ескі. Мектептегі парталар ескі, инфақұрылымдық жағынан да проблемалар бар. Үшіншіден, ауыл жастарында тілдік кедергі бар. «Үлкен қалаға барсақ қайтеміз» деп уайымдайды. Мен ірі қалалардың көбінде қазақ тілінен барьер жоқ деймін. Одан кейін ауылдық жастарда стереотип бар, яғни әлеуметтік желіде жарияланған кез келген жаңалықты ақпараттың соңғы, әрі шынайы түрі деп қабылдап қалады. Біз осы арадағы қалыптасып қалған проблемаларды шешуге дайынбыз.

- «Жас Отан» десе мойнына сары шарф орап, форумдарда массовканың ролін атқаратын, флешмоб ұйымдастырып жүрген жастар көзімізге елестейді. Келісесіз бе? Жалпы «Жас Отанның» имиджін өзгерту жоспарыңызда бар ма?

- Жасотандықтарға биыл 20 жыл толды. 2000 жылы бұл ұйым партияның саяси жастар қанаты ретінде шегеленген болатын. Әрине, форумдарда жасотандықтарды көптеп көру, съездерде көру адамдарда сондай бір көзқарас қалыптастыруы мүмкін. Шынында да, барлық жерде жасотандықтар жүреді, бірақ олар жиындарға тек қол соғып отыру үшін бармайды. Олардың тарапынан жасалып жатқан дүниелер жетерлік.

- Сіз жаңа «Жас Отанның» құрылғанына 20 жыл деп айтып жатырсыз. Мен Ұлттық университетте 2010-2016 жылы оқыған түлекпін. Сол аралықта аталған ұйымның жастармен тығыз байланысын көрген емеспін, тек «Сұңқар» деген университет жастарының ұйымы белсенді болатын. Есімде қалғаны, бізді де массовка ретінде ішпыстырарлық жиындарға еркімізден тыс отырғызып қоятын. Сондықтан болар, жастар ұйымы көпшіліктің есінде тек осы жағынан қалған.

- Иә, «Жас Отанды» жастардың мәселесін тек қуанышта ғана көтеретін ұйым ретінде қарастырған уақыт болған. Бірақ қазір ол түсінік өзгерді. Бір-екі ғана мысал айтсам, былтыр Арыстағы апатта тек жасотандықтар қатарындағы 700-ге жуық волонтер 3 ай бойы жұмыс істеді. 450 тоннадан астам астықты сол жаққа жіберді. Екінші мәселе, елімізде биыл қар шамадан тыс жауғанда «Біз біргеміз» акциясын 300 мыңнан астам қазақстандық қолдап, 300 үй, 100 ауланы тазалады. Содан кейін біз жатақханаларды тексердік. Республика бойынша 645 жатақхана бар, соның 270-не тексеріс жүргізіп, тиісті проблемаларын анықтадық.

- Жатақхана демекші, осыдан біраз уақыт бұрын біздің редакциямызға ҚазАТУ иелігіндегі №7 жатақхананың 1-қабатындағы бөлмелердің жартысын Сарыарқа ауданы Полиция басқармасы (№26 учаскелік полиция пункті) иеленіп отырғанын айтып, студенттер көмек сұрады. Тексеріс кезінде аталған жатақханаға бардыңыздар ма?

- Бұл мәселеден хабарым бар, ол кісілер біздің Facebook парақшамызға жазды. Мен ол кісілермен әлі кездескен жоқпын. Тағы да үш-төрт жатақханада дүкендер орналасқан екен. Олардың бәрі кезінде заңсыз жекешелендірілген. Біз олармен арнайы кездесіп, мәселелерін тыңғылықты шешуге тырысамыз.

- Мамандығы бойынша жұмыс таба алмай, қара жұмыс істеп немесе такси болып жүрген жастар көп, олардың көбі ауыл жастары. Кеше өңірлерге барып, базар аралағанда өзіңіз де біразымен танысқан боларсыз. Мамандық бойынша жұмыс істемеу дегенді қалай қабылдайсыз, дамыған елдерде де мұндай нәрсе бар ма?

- Жастардың жұмыссыздығы дегенді ТМД елдері ғана көтереді. Америка, Еуропа деген елдерде жастардың жұмыссыздығы деген түсінік қалыптаспаған. Жастардың жұмыспен қамтылуы оның алған білімінің сапасына байланысты деп санайды. Ал жас азамат білімінің сапалы болуын ЖОО-ны рейтинг бойынша таңдайды. Гарвард, Кембридж деп жатамыз, олардың студенттері оқуды бітірмей жатып түрлі компаниялардың конкурстарына қатысып, тәжірибеден өтіп, кейстерді шешу арқылы түрлі бағдарламаларға бару мүмкіндігін ұтып алады. Жастар өзінің тағдырын өзі шешумен айналысады. Біздің Қазақстанда жастар жұмыссыздығы деген түсінік әлі күнге дейін бар, ол орташа есеппен, 3,8 пайызды құрайды. Онымен қоса, бізде NEET жастар деп бөледі.

- Ол қандай жастар?

- Жұмыс істегісі келмейтін, жұмыс іздемейтін, оқуға да ынтасы жоқ азаматтар. Олардың пайыздық үлесі 6,5-ға жуықтайды. Жастардың жұмыссыздығын жою дегеніміз жұмыс орындарын ашумен шектелмейді. Әлбетте, мемлекет жастарды жұмыспен қамтамасыз етумен тікелей айналысады. Бірақ ата-аналар да балаларына қажетті мамандықты ойланып барып таңдауы тиіс. 10 жылдан кейін әлемде көптеген мамандықтар қажетсіз болып қалады. Біз қазір жастардың өздерін дамытуына үлес қосуға тырысып жатырмыз. Әр азамат өз өмірінің қалаушысы.

- Бірнеше күн бұрын Facebook әлеуметтік желісінде әріптесім Альбина Батқызы Нұр-Сұлтандағы өзі оқитын жоғары оқу орындарының бірінде деканмен болған жағдайды жазды. Қысқаша айтсақ, Альбинаға академиялық құрылым ұнамаған, ол осы мәселені деканға айтып кірген. Декан «Құрылым ұнамаса кете бер, сендерге грант берсең де жақпайсың» деп ұрсып тастаған. Бұл оқу орындарында жиі болатын жағдай. Неге жастар өз ойларын айтпауы керек? Деканға өз ойын айту былай тұрсын, алдына кірудің өзі проблема. Әрқайсысы хатшы, кеңесші, көмекші ұстайды. Бұл дұрыс па? Деканға хатшының қажеті қанша?

- Қазір көп декандар студенттерге ашық деп ойлаймын. Бірақ енді осындай жағдай орын алып жатса, онда ол қисынсыз. Оқу процесінде оқытушы құрамға қолжетімділіктің болмауы мұғалімнің абыройын көтермейді. Керісінше, сізге деген құрметті төмендетеді. Мен де кезінде оқытушы болғанмын. Деканға көмекші дегеннің мүлде қажеті жоқ. Ол қызға кетіп қалып, жүйені өзгертемін дегеннен гөрі, соның ішінде жүріп, құрылымның өзгеруіне үлес қосыңыз деп тілеймін!

- Сіздің кеңесшілеріңіз бар ма?

- «Жас Отанға» келгенімде менде 9 кеңесші болған (күліп). Біз оны өзгертіп, баспасөз қызметі бөлімінде бір ғана кеңесші қалдырдық.

- Шетелде оқып келген (әсіресе «Болашақ» бағдарламасымен) жастардың көбінің саяси көзқарасы өзгеріп келеді. Билікті сынайды, өзі барып келген мемлекетпен салыстырады және көбінің айтып жатқан сыны орынды секілді. Мұндай жастармен «Жас Отан» жұмыс істей ме, олардың ұсыныстарын қаншалықты назарға аласыздар?

- Әр азамат өзінің ой-пікірін айтуға, бейбіт митингке шығуға толық құқылы. «Болашақ» бағдарламасымен мемлекет оларды шетелді көрсін, сол жақтан жақсы білім алып келіп, осы елге өзгеріс әкелсін деп жіберді. Сондықтан біз олардың дұрыс, сауатты пікіріне құлақ асып, бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Ол азаматтар билікті тек даттай бермей, аталған проблеманы шешудің тетіктерін де ұсынып жатса, кері байланыс міндетті түрде орнатуға болады.

- Уақыт бөлгеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Айжан Қалиева

Серіктес жаңалықтары