Мұхтар Жәкішев бостандыққа шығады

Автор: Azattyq Rýhy

Сот Семей қаласында өтті

Бүгін Семей қалалық сотында өткен тыңдау кезінде судья оның мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұдан бұрын «Қазатомпром» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев мерзімінен бұрын босап шығу туралы үшінші рет өтініш берген.  

 «2020 жылдың 6 ақпанында Мұхтар Жәкішев мерзімінен бұрын босап шығу туралы үшінші рет өтініш берді. Оны 10 ақпанда Семей соты қабылдап алды», - деп facebook парақшасында оның адвокаты Нұрлан Бейсекеев жазды.

Мұхтар Жәкішев 2018, 2019 жылдары да мерзімінен бұрын босату туралы өтініш жасаған. 

Бүгін адвокат Жәкішевті мерзіменен бұрын босату үшін бірнеше себепті атады және соттан ақылға қонымды айыппұл белгілеуді сұрады. Сотталушы үшінші топтағы мүгедек.  

«Түрмеде қиналып жүр. Соған қарамастан маған білдірмеуге тырысады.Түрмеде тиісті медициналық жабдықтар жетіспейді. Уақытында көмек көрсету, диагнозын қоюға мүмкіндік жоқ»,- деді Нұрлан Бейсекеев.

Ал, мемлекетік айыптаушы Жәкішевті босатуға қарсы уәж ретінде оның мойнына мінген қаражаттың әлі қайтарылмағанын алға тартты. Оның сөзінше 99 млрд теңгенің бүгінде 272 мың теңгесі ғана өндірілген. 

«Сотталушы 2018 жылы ғана мүгедектік алды. Осы мерзімге дейін түзету мекемелерінде жұмыс істеп, қаражатты қайтаруға мүмкіндігі болды. Сондай-ақ, Жәкішевтің қазіргі сырқаты оны босатуға негіз болуға жарамайды. Оның мүгедектігі тұрақты емес, жыл сайын тексеріп, растап отыруы қажет»,- деді адвокат.  

Еске салайық, «Қазатомпром» компаниясының экс-басшысы Мұхтар Жәкішев 2009 жылы ірі уран кенорындарындағы мемлекеттің үлесін сатып жіберді деп айыпталды. 2010 жылы сот шешімі оған ақша жымқырды және пара алды деген кінә тағып, 14 жылға сотталды. Қазір ол жазасын Семей қаласындағы қатаң режимдегі колонияда өтеп жатыр.

Семей соты 2018 жылдың 28 қарашасында Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырған жоқ. Оған себеп - 99 млрд теңге көлемінде шығынды өтемеуі. Сот Мұхтар Жәкішев екінші рет өтініш жасағанда да (2019 жылдың 24 шілдесінде – ред.) келісімін берген жоқ.

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық БАҚ-қа берген сұхбатында Мұхтар Жәкішев ісі жайлы

«Жәкішевтің денсаулығына байланысты бірнеше рет мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтініш бергенін білемін. 3 наурызда сот отырысы өтеді. Соттың шешімін күтейік, оның әділ болатынына сенімдімін», – деген еді.

Мөлдір Бақытқызы, Нұр-Сұлтан