Бұл туралы экс-министрдің адвокаты Мәди Мырзағараев айтты
Бюджет ақшасын жымқырды деп 10 жылға сотталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев түрмеден босап шықты.
«Бишімбаев Шымкент қаласындағы ауданаралық сотқа мерзімінен бұрын бостандыққа шығару жөнінде өтініш түсірген. Оның арызы 25 қыркүйекте толық қанағаттандырылды. Арада 15 күн өткен соң шешім толық өз күшіне енді. Сөйтіп бостандыққа шығып отыр. Жалпы, сотталушы түрмеде жақсы тәртібімен көзге түссе, түрме басшылығы тарапынан ескерту алмаса мерзімінен бұрын бостандыққа шығу жайында сотқа жүгінуге құқылы. Бишімбаев осы заңды мүмкіндігін пайдаланды» -деді Мәди Мырзағараев.
Мырзағараевтың айтуынша Бишімбаевты босатқанымен, оның жүріс-тұрысы шектелуі мүмкін. Адвокат бұл іс бойынша мемлекетке залал келтірілген жоқ деп есептейді. Себебі шыны зауытына келтірілген залалды құрылыс компаниялары толық өтеп берді.
«Соны Бишімбаев ұрлады деп шығарды ғой. Оның қалтасына бір тиын түскен жоқ. Ал алған парасына коттедж салды дейді. Оны мемлекет тәркілеп өз меншігіне аударып алды ғой»,- дейді адвокат.
Сондай ақ, бостандыққа шыққан бұрынғы министр Бишімбаевтың туысы Санжар Алтаевпен түскен фотосы WhatsApp мессенжерінде кеңінен тарап жатыр.
Еске салайық, Қуандық Бишімбаев 2018 жылдың 14 наурызында 10 жылға сотталған. Сот Бишімбаевты Қызылорда қаласында салынуы тиіс шыны зауытына бөлінген 1 млрд теңгені жымқырды, пара алды деген баптар бойынша кінәлі деп тапқан. Бишімбаевпен бірге «Байтерек Development» АҚ лауазымды топ-менеджерлері, кәсіпкерлер, ұзын саны 22 адамға айып тағылған. 2018 жылдың 29-шы желтоқсанында Түркістан облысының Төле-би аудандық соты Бишімбаевты жалпы режимге ауыстырған болатын. Оған дейін экс-министр өзін қоныс колониясына аударуға өтініш жазған. Кейін Шымкенттегі қауіпсіздігі орташа деңгейдегі түзету мекемесіне ауыстырылды.