Сайлау нәтижелері бойынша мүлдем басқа Парламентті көреміз деп үміттенемін – Тұқымов

Автор: Azattyq Rýhy

Алдағы сайлау халықтың электоралды мәдениетін өзгертетінін айтып өтті

Фотоколлаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов алдағы парламенттік сайлаудан кейін қандай өзгерістер болатынын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Оның айтуынша, алдағы сайлау халықтың электоралды мәдениетін өзгертеді.

«Парламент қоғам үшін маңызды мәселелер көтерілетін биліктің өкілді органы болады деп күтуге болады. Сайлау нәтижелері бойынша біз мүлдем басқа Парламентті көреміз деп үміттенемін. Ол белсенді әрі бастамашыл болады. Қызу пікірталастар мен талқылаулар өтетін Парламент болмақ. Бұл оның биліктің негізгі тармағы ретіндегі рөлі мен маңыздылығын арттыруға жағдай жасайды», - деп атап өтті ҚСЗИ директоры.

Сондай-ақ Еркін Тұқымов Мәжіліске өту шегінің 7%-дан 5%-ға дейін төмендеуіне байланысты партиялардың мүмкіндіктері кеңейіп жатқанын, ал депутаттық орындардың саны 107-ден 98 депутатқа дейін қысқаратынын атап өтті.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы жетінші шақырылымдағы Мәжілісті тарату және депутаттардың кезектен тыс сайлауын өткізу туралы, сондай-ақ барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы шығарды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 19 наурызға Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауын белгіледі. Мәслихат депутаттарының сайлауы да дәл осы күні өтеді.