Елшілік мүлкін тек 5 адам күзетуге қалады
Әзербайжанның Ирандағы елшілігінің дипломатиялық қызметі толығымен тоқтатылды. Бұл туралы Әзербайжан Сыртқы істер министрінің орынбасары Халаф Халафов айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy trend.az-ға сілтеме жасап.
«Елшілікте дипмиссияның әкімшілік ғимараты мен мүлкін күзету үшін 5 адам қалады, бірақ олар дипломатиялық қызмет атқармайды», - деп қосты министрдің орынбасары.
Айта кетейік, 2023 жылғы 27 қаңтарда Әзербайжан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы елшілігіне террористік шабуыл жасалды.
Шабуылдаушы күзет бекетіне автоматтан оқ жаудырды, қауіпсіздік күзетінің бастығы қаза тапты. Елшіліктің екі күзетшісі жараланды. Қазіргі уақытта лаңкестік шабуылға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.
Ирандағы Әзербайжан елшілігінің эвакуацияланған қызметкерлері бар ұшақ Бакуге қонды. Сондай-ақ, Бакуге елшілікке жасалған шабуылда қаза тапқан Орхан Аскеровтің мүрдесі жеткізілді.