Парламент регламентіне өзгерістер енгізілді: Үкімет ұсынған заң жобалары шұғыл қаралады
Парламент Регламентіне ұсынылған түзетулер Қазақстандағы конституциялық реформаның ережелерін іске асыру тәртібін белгілейді
Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында қос палатаның келесі жылғы жұмыс регламентіне өзгерістер енгізілді, деп жазады Azattyq Ruhy.
Парламенттің жұмысын барынша тиімді ете түсу үшін президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті реформа жүргізуді тапсырғаны белгілі. Осыған байланысты, Парламенттің қаулысымен Қазақстан Республикасы Парламентінің Регламенті бойынша Парламент Палаталарының бірлескен комиссиясы құрылған болатын. Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы, депутат Арман Қожахметов бүгін комиссияның жұмысын қорытындылап, парламенттің регламентін өзгерту үшін қандай маңызды шешімдер қабылданғанын айтты. Қожахметовтің сөзіне сенсек, Парламент регламентіне ұсынылып отырған бұл түзетулер 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді және президенттің тапсырмасына орай парламент жүйесін реформалаудың негізгі бағыттарынан тұрады.
КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢДАР ПАРЛАМЕНТ ПАЛАТАЛАРЫНЫҢ БІРЛЕСКЕН ОТЫРЫСЫНДА ҚАРАЛАДЫ
Депутат Арман Қожахметов атап өткендей, парламент регламентіне ұсынылып отырған бірінші өзгеріс – конституциялық заңдардың қаралу тәртібі. Бұл тәртіпті, яғни, бұл регламентті «Конституциялық заңдарды қабылдау» деп аталатын 4-1 жаңа тараумен толықтыру ұсынылған. Бұл регламент аясында Конституциялық заңдар міндетті түрде екі оқылымнан өтуі тиіс болады.
«Конституциялық заңдарды тек қана Парламент Палаталарының бірлескен отырысында қарау туралы түзетудің Конституцияға енгізілуіне байланысты осы тәртіпті Парламент Регламентінде бекіту ұсынылады. Атап айтатын болсақ, Конституциялық заңдардың жобалары бойынша кемінде екі оқылым өткізу міндетті болады», - дейді Қожахметов.
Ереже бойынша, Конституциялық заң жобасы Парламент Мәжілісінде тіркеледі. Заң жобасының көшірмесі екі күннен аспайтын мерзімде Сенатқа жұмыс істеу үшін жіберіледі.
Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда қарау үшін Мәжіліс Төрағасы Парламент Палаталарының бірлескен отырысын шақырады, бұл отырыста жобаның тұжырымдамасы талқыланады.
«Қажет болған жағдайда Конституциялық заң жобасын екінші оқылымға дайындау үшін Парламент Палаталарының бірлескен комиссиясы құрылуы мүмкін, оның құрамы жобаны бірінші оқылымда қарау кезінде Парламент Палаталарының бірлескен отырысында бекітіледі. Сондай-ақ, осы отырыста бірлескен комиссияның төрағасы сайланады және бұл комиссияның жұмыс мерзімі анықталады», - деп түсіндірді Арман Қожахметов.
Айта кетейік, екінші оқылымға дейін бірлескен комиссия қажет болған жағдайда мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін, ғалымдар мен сарапшыларды тарта отырып, конституциялық заң жобасы бойынша тұрақты комитеттер мен депутаттардың ескертулері мен ұсыныстарын қарау бойынша жұмысты жүргізеді.
«Бірлескен комиссия құрылған жағдайда конституциялық заң жобасын екінші оқылымда қарау кезінде бірлескен комиссияның төрағасы сөз сөйлейді. Екінші оқылымда Парламент Палаталарының депутаттары мен комитеттері бірлескен комиссияға жазбаша түрде енгізген ескертулер мен ұсыныстар ғана талқылауға жатады. Дауыс беру қорытындысы бойынша Парламенттің әрбір Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің көпшілік даусымен конституциялық заңды қабылдайды немесе оны қабылдамайды», - деп хабарлады Қожахметов.
ҮКІМЕТТІҢ ЗАҢ ЖОБАЛАРЫ ДЕРЕУ ҚАРАЛАДЫ
Парламенттің регламентіне енетін түзетулердің келесі блогы Конституцияның 61-бабы
2-тармағының екінші бөлігіне сәйкес Парламентке енетін Үкіметтің заң жобаларын дереу қарауға қатысты болып отыр.
«Бұл жерде халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті қорғауға, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Үкіметтің заңнамалық бастамасы тәртібімен енгізілген заң жобалары туралы айтылған. Мұндай «төтенше» жобаларды қарау бойынша мынадай тәртіп ұсынылады», - деп түсіндірді Арман Қожахметов.
Бұл түзетулерге сай, Үкіметтің заң жобалары алдымен Парламент Мәжілісінде тіркеледі. Мәжіліс Төрағасы Парламент Палаталарының бірлескен отырысын заң жобасы келіп түскен күннен кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірмей шақырады. Бірлескен отырыста Үкіметтің өкілі баяндама жасайды, содан кейін депутаттарға баяндамашыға сұрақтар қою және жарыссөзде сөйлеу үшін сөз ұсынылады.
«Қажет болған жағдайда заң жобасын қарау үшін Парламент Палаталарының бірлескен комиссиясы құрылуы мүмкін, бұл депутаттарға заң жобасы бойынша өз ұсыныстары мен ескертулерін енгізуге мүмкіндік береді. Қарау қорытындысы бойынша заң жобасы Парламенттің әрбір палатасы депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Егер дауыс беру арқылы белгіленген дауыс саны алынбаса, заң жобасы қабылданбады деп есептеледі», - деп түсіндірді Қожахметов.
ПАРЛАМЕНТ ПЕН ПРЕМЬЕР: ДЕПУТАТТАР МЕН ШЕНЕУНІКТІҢ ЖАРЫССӨЗДЕРІ БОЛАДЫ
Сонымен қатар, Парламент регламентіне енетін келесі жеке тарауға сай, Парламенттің Премьер-Министрдің баяндамасын тыңдау рәсімі реттелмек.
«Конституцияның 67-бабының 4)-тармақшасына сәйкес Премьер-Министр Парламентке Үкімет қызметінің негізгі бағыттары және оның барлық маңызды шешімдері туралы баяндайды. Бұл баяндаманы Парламент Палаталарының бірлескен отырысында тыңдау ұсынылады. Бұл ретте депутаттар Премьер-Министрдің баяндамасын тыңдау кезінде сұрақтар қоюға және жарыссөзде сөз сөйлеуге құқылы», - деді Қожахметов.
ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҰСЫНЫСТАРЫН ҚАРАУ ТӘРТІБІ ӨЗГЕРЕДІ
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Парламент регламентін Конституцияның 53-бабына сәйкес келтіру мақсатында конституциялық заңдар бойынша Президенттің ұсыныстарын Парламенттің қарау тәртібі туралы Регламентке жаңа 4-3 тарау енгізілу көзделген.
«Бұдан басқа, Парламент Регламентінің бүкіл мәтіні бойынша қолданыстағы заңнамалық актілерге сәйкес келтіру мақсатында редакциялық, нақтылаушы сипаттағы түзетулер енгізілді. Бірлескен комиссияның 7 отырысы өткізілді. Салыстыру кестеге 38 түзету енгізілген», - деп хабарлады сөз соңында Арман Қожахметов.
ПАРЛАМЕНТ РЕГЛАМЕНТІНЕ ЕНЕТІН ӨЗГЕРІСТЕР: САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ
Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің пікірінше, бұл өзгерістердің аясында парламент өзінің қызметіне қатысты және үкімет қызметіне қатысты заңдарды сәйкестендіріп жатыр.
«Биыл 5 маусымда өткен референдум аясындағы конституциялық реформаны жүзеге асыру бағыты талқыланғаны белгілі. Біріншіден, биылғы күзде барлық конституциялық және өзге де заңдар Конституцияның жаңа редакциясына сәйкестендірілді. Енді бұл өзгерістер Парламенттің өзінің қызметіне қатысты бірқатар заңға және Үкімет туралы заңдарға қатысты болғандықтан, біз оларды сәйкестендіріп жатырмыз», - дейді Азат Перуашев тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, бұл регламенттер парламенттік партиялардың фракция өкілдерінің сөз сөйлеу құқығына кепілдік берілгені тікелей көрсетілген.
Ал, парламент палаталары бірлескен отырысында осы регламенттерді бірауыздан қабылдаған соң, Әділет министрі Қанат Мусин 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Мәжіліске заң қабылдау құқығы берілетінін ресми мәлімдеді.
«Сенат Парламенттің екінші палатасы саналады. Әуелі Мәжіліс заңды қабылдап, Сенатқа мақұлдауға жібереді. Сенат заң нормаларымен келіспесе де, Мәжіліс құжатты қабылдай береді. Сөйтіп Мәжіліс заңды Президентке қол қоюға жібереді. Жалпы Сенат жұмысы өзгерген жоқ, заң қабылдау жұмысына қатысады. Содан кейін Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырыстарында Конституциялық заңдар қабылданады. Үкімет әзірлеген жедел заңдарды палаталардың отырысында қарайды. Сенатсыз Парламент жұмыс жасамайды», - деп түсіндірді Әділет министрі.
КЕЛЕСІ МАҢЫЗДЫ РЕФОРМА – СЕНАТ САЙЛАУЫ
Парламент жұмысына қатысты келесі маңызды өзгерістің бірі – келесі жылдың басында өтетін Сенат депутаттарының сайлауы болып отыр. Орталық сайлау комиссиясы хабарлағандай, сенат депутаттығына үміткерлер қарашаның 29-нан бастап кандидаттар ұсынылып, 14 желтоқсанда аяқталған.
«Сенат депутаттары үгіт насихат жұмыстарын жүргізеді, 13 қаңтар күні - тыныштық күні деп танылады. Ал дауыс беру 14 қаңтар күні деп белгіленіп, сайлау қорытындысы 20-шы қаңтарға дейін шығарылады деп күтіліп отыр», - деді ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров журналистерге арналған брифингте.
Естеріңізге сала кетейік, Сенат депутаттағына үміткер 30-ға толған, жоғары білімі бар, ееңбек өтілі 5 жылдан кем емес азамат болуы керек.
Сымбат Молдатай