АҚШ-та Ресейдің қарашадағы сайлауға араласуы туралы жабық брифинг өтті
Американың арнайы қызметі Ресей биыл қарашада болатын сайлауда Трамптың қайта сайлануына көмектеседі деп есептейді. Бұл туралы америкалық басылымдар жазды.
New York Times, Си-эн-эн телеарнасы, Washington Post және Рейтер басылымдарының жазуынша, 13 ақпан күні барлау қызметі қарашада өтетін Америкадағы президенттік сайлауға Ресейдің араласуы туралы Өкілдер палатасының комитет мүшелерімен жабық брифинг өткізген.
New York Times басылымының жазуынша, Трамп брифинг туралы Конгресстің республикалық мүшелерінен білген және соған ашуланып, ұлттық барлау қызметінің директоры Джозеф Магуайраның кандидатурасын бекітпеуді ұсынған.
Бейсенбі күні Трамптың ұлттық барлау қызметінің директоры етіп Ричард Греннелді тағайындағаны белгілі болды. Бұған дейін ол АҚШ-тың Германиядағы елшісі болған.
Айта кету керек, 2017 жылы америкалық барлау қызметі 2016 жылғы сайлауға Ресейдің араласқаны туралы баяндама жариялаған еді. Онда бұл операция туралы шешімді Владимир Путиннің қабылдағаны айтылған. Ал 2017 жылдың мамыр айында прокурор Роберт Мюллер Трамптың Ресей мемлекетінің мүддесіне әрекет етушілермен байланысы барын екі жылдай тергеген. Соңында Мюллер келісім барын дәлелдей алмады. Дегенмен, ресейлік тараптың сайлауға араласқанын айтып, бірнеше ресейлік азаматқа айып таққан болатын. Ал Ресей 2016 жылғы сайлауға араласпағанын мәлімдеді.