«Ағасы бардың жағасы бар» - №2

Қазақстан билігіндегі ағалы-інілі шенділер туралы мақаламызды жалғастырамыз. Бүгінгі кейіпкерлеріміздің қатары апалы-сіңлілі егіздермен де толығып отыр

«Ағасы бардың жағасы бар» - №2

Жақында әлеуметтік желілерде Павлодар облыстық сотының судьясына қатысты балағат сөздер араласқан видео тарап, оның Мұратғали Әкетайға қатысы бар болып шықты. Алайда, Павлодар облыстық соты осы тараған видеоға қатысты жауап беріп, бұл аудио жазбаның бұрын Ақтөбе облысында болған жағдай екенін мәлімдеді. Естеріңізге салсақ, Мұратғали Әкетай Ақтөбе облыстық сот төрағасы болып та қызмет атқарған болатын. Сол кезде қол астында жұмыс істейтіндер басшысынан бір жарым жыл қорлық көргенін айтып, шағымданған еді.

Мұратғали Әкетай Абрарұлы қазіргі ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммедтің туған інісі. 2018 жылы Ақтөбе облыстық сотының төрағасы қызметінен босатылып, Павлодар облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына төраға болып тағайындалған.

Оқи отырыңыз: Мұхтар Құл-Мұхаммед інісіне қарсы тапсырыс жасалғанын айтты

Осыдан екі күн бұрын Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев орынбасары жемқорлық күдігіне ілінді деген айыппен Ақмола облыстық полиция департаментінің бастығы Берік Біләловті қызметінен босатты. Ал, Берік Сұлтанғазыұлының туған ағасы – талай жыл СҚО-да жауапты қызметтер атқарған, облыс әкімінің орынбасары болған, ҚР Парламенті Сенатының экс-депутаты Серік Біләлов.

Билікте жүрген ағалы-інілілерге тоқталғанда Біртановтар туралы айтпай өтпеуге болмайды. Елжан Біртанов – қазіргі Денсаулық сақтау министрі. Ал Есжан Біртанов – ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары. Елжан Амантайұлы Алматыдағы медициналық институтты бітірген (1994), сосын Аризона штатындағы университетте, Ресейдегі медицина академиясында, Берлинде білім алған. Global Executive MBA магистрі. Ал, Есжан Амантайұлы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық унивеситетін тәмамдап, экономист мамандығын алған. Сосын Тұран университетінде құқықтану мамандығын оқыған. 2015 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеудегі мемлекеттік университетте білімін шыңдаған. Бірі – дәрігер, бірі – экономист.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрам Пшембаевтың заң шығарушы органда жүргеніне де 10 жылдан асты. Ал, оның інісі Мереке Пшембаев бір кездері Көлік және коммуникация вице-министрі, ҚР ИДМ Жол комитетінің басшысы қызметінде болған. Қазір Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жауапты хатшысы.

Жамбыл облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Тимуржан Нұрымбетов қазіргі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың туған ағасы. Біржан Бидайбекұлы да еңбек жолын Жамбыл облысынан бастап, әлеуметтік саладағы министрлікте комитет басқарып, талай жылдар бойы вице-министр секілді жауапты қызметтерде болды. Ал, Тимуржан Бидайбекұлы облыста бас инспектор, бөлім басшысы сияқты қызметтер атқарып, 2019 жылдың ақпан айында басқарма басшылығына келді.

Ағайынды бауырлар туралы айтқанда апалы-сіңлілі егіздер Әсем мен Әселді ұмытуға болмайды. Әсел Нүсіпова - бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болса, оның сыңары Әсем Нүсіпова қазір Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары. Екеуі де әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық унивеситетінде білім алып (1998 ж), экономика және менеджмент мамандығы бойынша магистр атанған. Ары қарай оқу жолы да, еңбек жолы да екі бөлек.

Ағайынды Көшербаевтар Қызылорда облысының билігін ұстаған танымал әулет саналады. Қазіргі ҚР мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Қызылорда облысын басқарғанға дейін ағасы Айтбай Көшербаев аудан әкімі, Қызылорда қаласының әкімі және облыс әкімінің орынбасары болып істеген (қазір зейнет жасында).  Ал інісі Жомарт Көшербаев көп жылдар Қызылорда электр тарату желісі компаниясын басқарды, қазір де аттан түспеген. Ашық ақпарат көздерінде Жомарт Елеуұлының Қазақстан Электр энергетикалық қауымдастығы Директорлар кеңесінің төрағасы, «Юнион Энерджи» Консорциумының басқарма төрағасы екені жазылған.

Сұлтановтар әулетінен де кіл ТОП-менеджерлер шыққан. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың бауырлары Ерлан Тұрлыханұлы (1973 жылғы) мен Нұрлан Тұрлыханұлы (1974 жылғы) қазақстандық кәсіпорындардың акцияларына иелік еткенмен (ашық дереккөздер), көпшілікке танымал тұлғалар емес. Ал Арман Сұлтанов (1976 жылғы) «ҚТЖ» ұлттық компаниясында» атқарушы директор және «Жолаушылар тасымалы» АҚ президенті. Ашық дереккөздерде кенже інісі Дәурен Сұлтановтың 2017 жылдан бері «Қазақстан Даму Банкі» АҚ-ның еншілес компаниясы «ҚДБ-Лизинг» АҚ-да басқарма төрағасының орынбасары екені жазылған.

Министр, вице-премьер, Астана қаласының әкімі болған, ҚР Президент әкімшілігін басқарған Әсет Исекешевтің мемлекеттік қызметте болған Ерлан Исекешев дейтін ағасы бар. Ерлан Төлеутайұлы ұзақ жылдар бойы Қарағанды облысында қызмет еткен, 2007-2008 жылдары Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болған. 2008 жылы Бахрейн Корольдігі Қазақстан экономикасына қыруар қаржы салатын боп, осыған байланысты арнайы инвестициялық қор ашылған. Сол қорды басқаруға Ерлан Исекешев лайық деп танылып, содан бері «Falah Partners» инвестициялық қорында басқарушы серіктес. Ал інісі Әсет Исекешев бүгінде Тұңғыш Президент - Елбасы қорының атқарушы директоры.

Жандос БАЙДІЛДА, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.