Президент шекара проблемасы халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының іргелі қағидаттарын мүлтіксіз сақтау арқылы тек бейбіт жолмен шешілуге тиіс деді
Орталық Азия мен Ресей ортақ тарихты қорғап, халықтардың әл-ауқаты үшін біртұтас болашақ құруы керек. Мемлекеттердің әрқайсысындағы тұрақтылық пен қауіпсіздік аймақтың дамуына тікелей әсер етеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Орталық Азия – Ресей» саммитінде айтты.
«Біздің мемлекеттеріміз бен халықтарымыздың байырғы мүдделеріне сүйене отырып, Сіздердің назарларыңызды жаңа қатерлердің алдын алу және оларға уақтылы ден қою үшін пәрменді құралдарды әзірлеу қажеттігін атап өткім келеді. Бүгін біз қауіпсіздік мәселелерін дәстүрлі түрде екіжақты форматта да, ҰҚШҰ, ШЫҰ, АӨСШК және ТМД шеңберінде де ілгерілетеміз», - деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, әлемдегі жағдай тез өзгеруде және өзара әрекеттесудің қолданыстағы тетіктері жүйелі жетілдіруді қажет етеді.
«Осыған байланысты елдеріміздің қауіпсіздік кеңестерінің аппараттарына алдын алу шаралары тетігін әзірлеу және құру жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді тапсыруды ұсынамын. Тұрақсыздыққа алып келетін тағы бір фактор – өңірдегі жекелеген елдер арасындағы шекара мәселесінің реттелмеуі. Шекара проблемасы ғасырлар бойы қалыптасқан достық, өзара сенім және тату көршілік негізінде, сондай-ақ халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының іргелі қағидаттарын мүлтіксіз сақтау арқылы тек бейбіт жолмен шешілуге тиіс», -деп нақтылады Президент.