Қайырбек Өскенбаев TM-TM Транскаспий халықаралық көлік бағытында да ортақ жұмыстар атқарылатынын мәлімдеді
Қазақстан мен Түркия арасындағы түрлі бағыттағы экономикалық және инвестициялық байланыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
«Ақорда» резиденциясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанның кездесуі аясында делегаттар екі ел арасында қандай келіссөздер жүргізілетінін айтты.
Ауыл шаруашылығы министрі Ерлан Қарашөкеев өз сөзінде ауыл шаруашылығы саласында бірқатар келісімшарттарға қол қойылатынын атап өтті.
«Бізде Түркия мемлекетімен өте тығыз қарым-қатынас өз жалғасын тауып жатыр. Қазіргі уақытта біз 5 жобаны қарастырып жатырмыз. Түрік компаниялары біздің отандық компанияларға өз инвестицияларын құятын болады. Аталған 5 жобаның ішінде тері өңдеу, Алматы қаласында қарқынды бақтарды егу, жүзім шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағыттары бар. Жақын арада осы келісіссөздер нәтижелі болатын болса, келісімшарттарға қол қоятын боламыз», - деді Ауыл шаруашылығы министрі Ерлан Қарашөкеев.
Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев елімізде түрік ағайындармен бірлесіп 9 зауыт салынып жатқанын мәлімдеді.
«Біздің сала бойынша Түркия компанияларымен бірлескен Қазақстанда 1 487 жоба іске асырылып жатыр. Кәсіпкерлер өз жұмыстарын жасап жатыр. Қазір қосымша 9 зауыт салынуда, оның ішінде 3 зауыт жылдың аяғына дейін ашылады. Жер қойнауы бойынша Түрік компаниялары қызығушылық танытып отыр. Қазір бұл бағытта 7 компания жұмыс істеп жатыр. Бұдан бөлек Түркияның тағы 3 компаниясы да бірге атсалысуға ниетті», - деді министр.
Сонымен қатар Қайырбек Өскенбаев TM-TM Транскаспий халықаралық көлік бағытында да ортақ жұмыстар атқарылатынын мәлімдеді.