Е.Бапи «ЖСДП» партиясы Атырау облысының экс-әкімі Б.Рысқалиевтің иелігінде екенін мойындады
Оппозиция өкілі әлеуметтік желіде тараған қолхатқа қатысты түсініктеме берді

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) төңірегінде дауға бүгін Ермұрат тағы да май құйды. Ол осы күнге дейін саяси ортада әңгіме болып жүрген оппозициялық партияның қаржыландыру көзіне қатысты деректерді өз аузымен айтты. Биыл сәуір айында Жармахан Тұяқбай ЖСДП тізгінін журналист Ермұрат Бапиге берген болатын. Көп ұзамай партияның жаңа төрағасы Еуропа қалаларына барып Ә.Қажыгелдин, Б.Рысқалиев сияқты шетелге қашып кеткен бұрынғы шенеуніктермен ашық кездесулер өткізді. Мамырдың 21-інде Бапимен Парижге ЖСДП филиалдарының төрт жетекшісі А.Рахымжанов, Т.Сәмбетбай, М.Камалов және Қ.Күнболатов бірге еріп барды.
Фото: 21 мамыр, 2019 ж.
Елге келген соң, саяси науқан қарсаңында ЖСДП-ны кім қаржыландырып отыр деген сауалдарға ешкім жауап бермеді. Бейресми ақпарат көздерінде билікке қарсы партияға шетелден, соның ішінде «құзырлы органдардың қуғынына ұшыраған» Бергей Рысқалиев тарапынан қолдау болып жатқаны айтылып жүрді. Ақырында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының мүшелері биыл 6 қыркүйекте өткен съезде Ермұрат Бапиге «сенімсіздік» танытып, қызметінен босатты. Сол күні оны партия қатарынан біржола шығарып жіберді. Араға тура бір ай салып бұл дау қайтадан өршіді. Саяси ұйымның бұрынғы басшылары Ермұрат Бапиге партияны 200 мың АҚШ долларына сатқан деген мазмұнда ақпарат шықты. Партияның төрағалығына келген журналист шетелде қашып жүрген Ә.Қажыгелдин мен Б.Рысқалиевтің қаржылай демеушілігмен ЖСДП-ны сатып алғанын айғақтайды деген қолхаттар әлеуметтік желіде жария болған еді. Бір бет парақта Ермұрат Бапидің ЖСДП-ның бұрынғы басшысы Ж.Тұяқбайдың көмекшісі Ұлан Хандуллаевтан 200 мың АҚШ доллар көлемінде ақша алғаны жазылған.
Бүгін арнайы баспасөз мәслихатын өткізген бұрынғы төраға қалыптасқан жағдайға қатысты өз пікірін білдірді. Жоғарыда айтылған қолхатқа қол қойғанын жоққа шығармады. Бірақ ондағы қомақты сомманы қолына алмағанын да айтады. Ол ЖСДП-ны 12 жыл басқарған Жармахан Тұяқбайтың партияластары алдындағы қарызы болатын, дейді.
«Бұл интернетте қыдырып жүрген қолхатты мен жаздым, оны жасырмаймын. Неге? Себебі мен партияны қарызымен бірге қабылдап алдым. Бұл мені кейін партиядан шығарып жіберген белсенділерге төленуі тиіс жалақылар мен өзге де шығындар болатын. Ол қолхаттың соңында 26 сәуір 2019 жылы деп көрсетілген. Дәл сол күні партияның съезі өткенде менің алдымнан осы мәселе аяқ астынан шықты. Амалсыздан қол қойып, қабылдадым. Себебі аймақтардан жүздеген делегат жиналып, қолдаған соң, жұмыс жүреді, партияның жұмысы басқаша жанданады, партияның демеушілері қарызды жабады деп ойладым»,- дейді Ермұрат Бапи.
Журналистің айтуынша, бұл қаражаттың 100 мың АҚШ долларын Бергей Рысқалиевтің адамдары 7 мамыр 2019 жылы інісі Ерік Бапиге әкеліп беріп, партияның белсенділер алдындағы берешегі жартылай төленген. Сөйтіп көптің ойында жүрген ЖСДП-ның нақ иесі кім деген сауалға Ермұрат Бапи нүкте қойғысы келетінін айтады. Ол бүгін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясын басқарып, оның қаржысын толықтай төлеп отырған Бергей Рысқалиев екенін мойындаймын деді. Бірақ мұны осы күнге дейін ашық айтпауының себебін, билік партияны сылтау тауып, жауып тастай ма деген үрей болды, деп түсіндіреді.
«Егер Бергей Рысқалиев партияның артындағы демеуші екені белгілі болған жағдайда, партияның жабылу қаупі болды. Оның үстіне биліктің саясат технологтары партияны 90-шы жылдардың криминалдық құрылымынан келген азамат қаржыландырып жатыр деген насихатты күшейтер еді. Қоғамда бұл белгісіз, түсініксіз элементтермен жұмыс жасайды деген ой тудыруға негіз болар еді. Бергей осы партияның артында тұр дегенде ол сайлауға жетпейтін еді. Ал енді мен қазір ашық айтып отырмын. Ендігі жағдайда бұл партия сайлауға жете ме, жетпей ме? Егер партия билікпен ымыраласса, ол сайлауға барады, бірақ көп партияның бірі болып қалады»
Ермұрат Бапи 26 сәуірде партия төрағалығын қабылдап алғанда, шетелдегі Әкежан Қажыгелдинмен ақылдасқанын айтады. Оны өзінің серігі санайтынын, соңғы 25 жылда танитынын, Үкімет басқарғанда баспасөз хатшысы қызметінде болғандықтан, сенім болғанын жасырмайды. Ал Бергей Рысқалиев биыл 6 қыркүйекте «Бапи партияға бөтен адамдарды әкеледі» деген үреймен мені саяси ұйымнан аластатты, дейді белгілі журналист. Ол жақында өзін партия құрамынан шығарған бұрынғы әріптестеріне қарсы сотқа шағым түсірмек.