6 қазанда Астана қаласында «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIV Съезі өтеді
«AMANAT»-тың еліміз бойынша 14 мыңнан астам мүшесі партияның аумақтық филиалдарының 225 конференциясына қатысты. Олар партияның жаңа Саяси тұғырнамасының жобасын талқылап, барлық облыс пен Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы филиалдарда ертең өтетін конференцияларға қатысу үшін делегаттарды сайлады.
Мәселен, бүгін елорданың 4 ауданында конференциялар өтіп, оған 275 адам қатысты. Партияның Есіл аудандық филиалы конференциясының делегаты, «Қоғам» бастауыш партия ұйымының (БПҰ) мүшесі Ерден Ордабек тұғырнама саяси диалогты нығайтуға жаңа серіпін береді деп есептейді.
«Тұғырнамада қоғамымызды дамытудың барлық негізгі бағыты көрініс тауып отыр. Шын мәнінде бұл құжатта қазақстандықтардың арман-мұраты мен үміті толықтай ескерілген. Жоба партиялықтардың арасында бірнеше рет қызу талқылаудан өтті. Тұғырнама партияның қатарында көп жылдан бері мүше болып келе жатқандарды да, оның жаңа мүшелерін де бір мақсатқа біріктіретін құжат болатынына сенеміз», - деді ол.
Астана қаласындағы «Бірлік» филиалының атқарушы хатшысы Шыңғысхан Қожахметов партиялықтардың басым бөлігі Саяси тұғырнаманың жобасын қолдағанын алға тартты.
«Елімізде ауызбіршілік пен тұрақтылықтың болуы өте маңызды және дәл осы мызғымас құндылықтар тұғырнамада жазылған. Ол тек партия мүшелеріне ғана емес, Қазақстанның барлық азаматына арналады. Бұл – бүкіл еліміздің даму векторын айқындайтын бағдарламалық құжат», - деді ол.
Шығыс Қазақстан облысындағы 11 аумақтық конференцияға барлығы мыңнан астам партия мүшесі жиналды. Өскемен қалалық мәслихатының депутаты, ақын-драматург Әскерхан Хуанбайдың айтуынша, халқымыздың тарихы, тағдыры мен келешегі туған тілімізден тамыр тартады.
«Қазақ тілі мыңжылдық мәдениетіміз бен өркениетіміздің негізі әрі тірегі саналады. Мұның тұғырнама мәтінінде көрініс тапқаны аса маңызды. Мемлекеттік тілді қолдауға, ұлттық құндылықтарымызды, дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды қорғауға көбірек көңіл бөлу қажет. Саяси реформа бастамаларын толық қолдаймыз», – деді депутат.
Ал Павлодар облысындағы 13 аумақтық филиалдың конференция жұмысына партияның 842 мүшесі қатысты. «Жастар Рухы» жастар қанатының облыстық филиалында «миға шабуыл» форматында жаңа саяси тұғырнаманың жобасы талқыланды.
«Жастар – ел ертеңі. Жоғары деңгейде қабылданатын барлық жаһандық шешім ең алдымен соларға әсер етеді. Сондықтан, әр жас азамат өз үлесін қосып, құжат мәтінін мұқият зерттеп, құрбы-құрдастарымен талқылағаны маңызды. Жастар қанатының әр мүшесі тұғырнама туралы айтып, өз ұсынысын енгізеді», – деді «Жастар Рухы» жастар қанатының Павлодар облыстық филиалының төрағасы Санира Жүсіпова.
Ал Батыс Қазақстан облысында партияның 700 мүшесі «AMANAT» партиясының 13 аумақтық филиалының конференциясына жиналды.
«Біздің міндетіміз – Қазақстанның аумақтық тұтастығын және мызғымастығын сақтап қалу, оның қауіпсіздігін нығайту, халықтың әл-ауқатын жақсарту. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың реформаларын толық қолдаймыз. Бұл реформалар еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған. Біздің лдымызда Демократиялық қағидаттарға негізделген Әділетті Қазақстанды құру үшін осы реформаларды табысты жүзеге асыру мінеді тұр», – деп мәлімдеді Орал қалалық конференциясының делегаты, мектеп директоры Әзима Губашева.
Партияның аумақтық филиалдары конференциялары отырысының қорытындысы бойынша партияның аумақтық филиалдарының конференцияларына қатысу үшін делегаттар сайланды.
Еске сала кетейік, 6 қазанда Астана қаласында «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIV Съезі өтеді. Съезд жұмысына еліміздің барлық өңірінен делегаттар қатысады.