Қазіргі уақытта Ресей Украинаға әкелінген қару-жарақты жойып жатыр
Украина Кремльге «Азовсталь» зауытының жанында келіссөз жүргізуді ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл нысан – Ресей әскері басып алған Мариупольдегі ең соңғы бекініс. Ресми Мәскеу аталған ұсынысқа әзірге жауап бермеген.
"Мариуполь қаласындағы жағдай өте ауыр. Біздің әскеріміз ол жақта бейбіт тұрғындарды қорғап жатыр. Мыңнан астам адамның арасында қариялар мен балалар бар. Біз ресейліктерге «Азовсталь» зауытының тура іргесінде арнайы келіссөз жасауды ұсындық. Мұндағы мақсатымыз – бетпе-бет отырып, оларды Пасха кезінде оқ атуды дереу тоқтату туралы келісімге келуге, гуманитарлық дәліздер құруға және сарбаздарымызды Ресейдің тұтқынға түскен барлық әскеріне айырбастауға шақыру", – деді Украина президенті кеңсесінің кеңесшісі Алексей Арестович.
РЕСЕЙ УКРАИНАҒА ӘКЕЛІНГЕН ҚАРУ-ЖАРАҚТЫ ЖОЙЫП ЖАТЫР
Ресей әскери қоймаларды атқылап, АҚШ пен Еуропадан Украинаға жеткізілген қару-жарақты жойып жатыр. Бұл туралы Ресейдің Қорғаныс министрлігі мәлімдеді. Кремль Құрама Штаттар мен Батыс елдерін Украинаны қаруландырып отыр деп үнемі айыптаумен келеді. Ресейдің Сыртқы істер министрлігі қару-жарақ жеткізіп отырған барлық мемлекеттерге «Мұның ақыры жаман болады» деген мәтінде наразылық нотасын жолдаған.