«Қаңтар оқиғасынан» кейінгі биліктегі ауыс-түйіс: кім кетті, кім  келді?

Автор: Кенжекей Тоқтамұрат

Қаралы қаңтардан кейін Қазақстанда кемі 17 жоғары лауазымды тұлға жұмысынан кетті 

Фотоколлаж

Қаңтар оқиғасынан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан» жобасын ұсынып, оны жүзеге асыру үшін біраз ауыс-түйіс жасағаны белгілі. Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас Прокуратура, Орталық Сайлау комиссиясы сияқты биліктегі өте маңызды органдардың ескі басшыларын жұмыстан алып, жаңаларына көп тапсырма берді. Сондай-ақ, Тоқаев үкімет құрамын да жаңартып шықты. 

«Түйені жел ұшырса...»

Сонымен, Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасы әлі аяқталмай жатып-ақ Премьер-министр Асқар Маминнің отставкасын қабылдады. Қоғам Мамин сол уақытта халық алдына шықпағанын, үн-түнсіз, үш жыл үкімет басқарғанда бағаны тұрақтандыра алмай, халықтың әл-ауқатын жақсартпағанын әлі ұмытқан жоқ. Сондықтан, Тоқаев жаңадан келген премьер Әлихан Смайыловқа жаңа міндеттер жүктеді. 

Асқар Маминнен басқа, Тоқаев алты жыл Мәжіліс төрағасы болған Нұрлан Нығматулиннің де жұмыстан кету туралы өтінішін қабылдап, оның орнына бұрынғы ПӘ жетекшісі Ерлан Қошановты отырғызды. 

Мемлекетке опасыздық жасады деген ауыр айып тағылып отырған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке қарағанда, жұмыстан өз еркімен кеткен Мамин мен Нығматулиннің аттары ақырын ұмытылып та барады. Дегенмен, Нұрлан Нығматулин елден кетпегенін, немерелерінің жанында екенін айтқан еді. Айтпақшы, Мәсімовтің орнына Президент Ермек Сағымбаевты тағайындады. 

Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанның Бас прокуроры да ауысты. Ғизат Нұрдәулетовтің орнына Берік Асылов келіп жайғасса, тағы бір Берік - Орталық Сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев орнын босатуға мәжбүр болды. Қазір ОСК ұйымын бұрынғы депутат Нұрлан Әбдіров басқарып отыр. Ал, кезінде Бас прокуратурада жұмыс істеген, кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің басшысы Марат Ахметжанов орнын бұрынғы орынбасары Олжас Бектеновке босатып берді. Орнын басар деп осындайда да айтса керек. Ахметжановтың өзі болса Ішкі істер министрі болып тағайындалды. 

«...ешкіні көктен ізде» 

Министр демекші, қаңтар оқиғасынан кейін Үкімет ішінде бірталай өзгеріс болды. Кейбір министрлер қайғылы оқиға болған кезде жұмыстан кетсе, кейбірі күні кеше ғана жаңа креслоға отырып жатыр. 

Айтқанымыздай, Марат Ахметжанов Ерлан Тұрғымбаевты орнынан босатып, өзі Ішкі істер министрі атанды. Мұрат Бектановтың орнына Руслан Жақсылықов Қорғаныс министрі болып келді. Аида Балаева Ақпарат министрінің жұмысынан кетіп, оның орнына Асқар Омаров келді. «Қайтсем де қазақ тілін үйреніп аламын» деп жүрген ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев қаңтар оқиғасынан кейін көп ұзамай басқа қызметке ауысып, оның орнына Әлібек Қуантыров келді. Бейбіт Атамқұлов та өз қызметінен айырылып, оның орнына Индустрия және инфрақұрылым министрі лауазымына Қайырбек Өскенбаев отырды. Ал, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов облыс әкімі болып кеткен соң, Тамара Дүйсенова бұрынғы қызметіне қайтып оралды. 

«Әкім бол, халқыңа жақын бол»

Қаралы қаңтар тарихта өшпейтін ізін қалдырған қала – ол әрине Алматы. Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев қаңтар оқиғасы кезінде шабуылға ұшырағанын айтқан еді. Әкімнің жұмысын көрсетемін деген телеарна қызметкерлері мінген көлік те бұзақылардың шабуылына ұшырап, телеарнаның көлік жүргізушісі қаза тапқаны белгілі. 

Осы оқиғалардан кейін әрине кез келген адам әкімнің ауысатынын білген. Сағынтаевтың кететіні анық болса да оның орнына кім әкім болуы мүмкін деген сұрақ бірнеше күн бойы халық назарынан түспеген еді. Ақыры Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банкті басқарып отырған Ерболат Досаевты Сағынтаевтың орнына отырғызды. Естеріңізге сала кетейік, Ерболат Досаев бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болған кезде Шымкентте жүзден астам бала ВИЧ ауруын жұқтырған еді. 

Қаңтар дүрбелеңі қатты сезілген тағы бір қала - Тараз. Тараз орталығы болып саналған Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев күні кеше халықпен қоштасып, зейнетке шықты. Оның орнына Нұржан Нұржігітов деген жаңа «ойыншы» келді. Машбектің үлкен ұлы (Бердібек Машбекұлы -агенттік) зейнетке кетіп жатқанда, Машбектің кіші ұлы (Нұрлыбек Машбекұлы - агенттік) Қызылорда облысына әкім болып келді. Осылайша, әкімдер арасындағы жалғыз әйел Гүлшара Әбдіқалықова орнынан айырылып, Қазақстанның аймақтарын тағы да түгел ер адамдар басқарып шыға келді.