Бұған дейін Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Nur Otan партиясының атауын Amanat деп өзгертуді ұсынған болатын
Nur Otan партиясының атауын ғана емес, құрылымын және жұмыс істеу моделін де өзгерту қажет деп санайды Мәжіліс депутаты Саясат Нұрбек. Мұндай пікірін ол партияның кезектен тыс өтіп жатқан XXII Съезінде айтты.
«Партия модернизациясы аясында бір-екі ұсынысым бар. Біріншіден, қоғаммен байланысты, коммуникация жасауды желілік принциптерге көшіру керек, «цифрлық демократияны» дамыту үшін заманауи технологиялардың барлық мүмкіндіктерін пайдалану керек. Екіншіден, партия қоғамның сұранысына анықтауға бірқатар құралдары бар – Қоғамдық қабылдаулар – партия мүшелері – Бастауыш партия ұйымдары. Бірақ, келіп түсетін мәліметтердің кең ауқымы пайдаланусыз қалып жатыр. Бұл үшін партия жұмысына «Big Data» технологиясын енгізу қажет, ол ақпараттық құралдарды бірыңғай жүйеге біріктіруге мүмкіндік береді», − дейді Саясат Нұрбек.
Оның айтуынша, бұл технологиялар қоғам үшін дәл қазір өзекті проблемалар туралы нақты ақпарат алуға, оларды зерделеуге және оңтайлы шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Nur Otan партиясының атауын Amanat деп өзгертуді ұсынған болатын. Бұл ұсынысты партия Төрағасы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолдады.