Бұл туралы «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XXII Съезінде белгілі болды
Кадрлық жұмысты жолға қою мақсатында жаңа Қазақстанды құруға қабілетті, халыққа адал қызмет ететін саясаткерлердің жаңа буынын дайындауға ден қойылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы «Nur Otan» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов партияның кезектен тыс XXII Съезінде мәлімдеді.
«Партияның Саяси менеджмент мектебінде биыл 3 мыңнан аса партияласты, оның ішінде депутаттарды, ауыл әкімдерін, бастауыш партия ұйым мүшелерін саяси менеджмент пен коммуникацияның жаңа форматтарына үйрететін кешенді оқыту жүргізіледі. Үшіншіден, партияның жұмысы барынша ашық болуы тиіс деп санаймыз. Бүгінгі таңдағы қоғамның аса өзекті сұраныстарының бірі – партияның ашықтығы және халыққа жақын болуы.
Пилоттық жоба ретінде мәслихаттардағы «Nur Otan» депутаттарының рейтинг жүйесі толықтай сынақтан өтті. Оның нәтижесін жұртшылыққа жария етуді ұсынамыз. Мұнымен қатар, партиялық мобильді қосымша іске қосылады. Онда азаматтар партияның жұмысы туралы жедел ақпарат алып, қоғамдық маңызды мәселелерге байланысты түрлі сауалнамаларға қатысып, өтініш пен ұсыныс-тілектерін қалдыра алады», - дейді «Nur Otan» партиясының Атқарушы хатшысы.
Сонымен қатар, қоғамдық саясат институтының базасында тұрғындарды толғандыратын мәселелер бойынша ұсыныстар әзірленетін тұрақты жұмыс істейтін «TALQYLAU» диалог алаңын ашылады деп жоспарлануда.
Сондай-ақ, «Нұр Медиа Холдингінің» базасында Парламент пен мәслихат депутаттарының, Үкіметтің партия мүшелерінің және жергілікті атқарушы органдардың тұрақты брифингтерін өткізетін партиялық баспасөз орталығын іске қосу ұсынылды. Бұл бастамалар «Ашық партия» бірыңғай тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылмақ.
«Төртіншіден, партиялық бақылауды күшейту қажет деп есептейміз. Жауапкершілік партияның негізгі стратегиялық басымдықтарының бірі болып қала береді. Сайлау алдындағы уәделерді сапалы және уақтылы орындауға ерекше назар аудару керек. Сәуір айында республикалық сайлауалды бағдарламаның орындалуын қайта қарау қорытындылары бойынша Мәжілістегі Фракцияның кеңейтілген отырысын өткізу ұсынылады, онда Премьер-Министрдің есебі тыңдалады. Әрі қарай өңірлерде де осындай жұмыстарды жүргізуді ұсынып отырмыз. Мұны тәжірибеге жүйелі түрде енгізу қажет деп санаймын», −дейді Асхат Оралов.