Қос тарап Беларусь жерінде кездесті
Бүгін Ресей мен Украина делегациялары кездеседі деп күтіліп отыр. Тараптар бірнеше күннен бері пікір алмасып, ақыры жүздесуге келіскен еді. Яғни, екі күн бұрын Ресей делегациясы Беларусь Республикасына ұшып барды. Александр Лукашенко тараптарға Гомель қаласында кездесуге барлық жағдайды жасайтынын айтқан.
Алайда, жексенбі күні кешке Владимир Зеленский делегация қауіпсіздігі үшін келіссөз өтетін орынды ауыстыруды ұсынды. Ол украиналықтар Польша территориясы арқылы барады, кездесу екі елдің шекарасында өтсін деді. Ал, кеше Зеленский мен Лукашенко телефонмен сөйлесіп, алдын ала талаптарсыз Ресей делегациясымен шекарадағы Припять өзенінің бойында жолығуға болатынын талқылады.
Кремль делегациясын басқарып барған бұрынғы РФ Мәдениет министрі, қазір В.Путиннің көмекшісі Владимир Мединский кездесудің басты тақырыбы – бейбітшілікке келу деп мәлімдеді.
Бүгін басталуы тиіс келіссөзде қандай мәселе қозғалады? Тараптардың кездесуінен жағымды жаңалық күтуге бола ма? Azattyq Rýhy тілшісіне қазақстандық саясаттанушылар да өз болжамын айтты. Мәселен, Данияр Әшімбаев Ресей-Украина делегацияларының кездесуі қандайда бір өзгерістерге бастама болады деуге сену қиын дегенді айтып отыр. Себебі екі жақ та бейбіт келісімге әлі дайын емес.
«Келіссөздер болады деп күтіп отырмыз. Бірақ қандайда бір өзгеріске бастайтын шешім болады деп ойламаймын. Қазір майдан даласында жағдай ушығып тұр. Ресей шабуылды күшейтіп жатыр, ал Украина әлі де батыстан көмек келеді деген сеніммен отыр. Ресей келіссөздер жүргізгісі келеді, бірақ Украина билігіне қойып отырған талаптары орындалмайтындай қалыпта. Оның үстіне, дәл қазір екі жақ та бейбіт келісімге дайын емес. Украина Батыстың көрсетіп жатқан экономикалық және өзге де қысымдарынан соң, Ресей кейін шегінеді деген үмітпен өзіне сенім пайда бола бастады. Ресей ұзаққа созылатын әскери кампанияға дайын емес. Ал, Украина әскери текетіресті мейілінше созуға мүдделі. Себебі АҚШ пен Еуропа елдері әскери көмек беруге ниет таныта бастады», - дейді Д.Әшімбаев.
Ресей жағы өздеріне пайдалы талаптармен әскери шиеленісті тоқтатуға мүдделі болған соң, Белоруссияға бірінші болып делегация жіберді. Бұл жерде Ресей екі жаққа да тиімді компромис іздеп, жағдайды тезірек шешуге мүдделі екенін байқатып отыр. Әшімбаевтың пікірінше, бұл текетіресте соңғы сөзді Ақ үй айтады.
«Путин кешегі мәлімдемесінде әскери қолбасшыларға Украинаға қысымды қатаңдатуды тапсырды. Еуропа санкцияларынан соң ашуға берілгені анық. Украина Харьков пен Киевтегі соғыс барысында қарсылық білдіруге дайын болғанын көрсетті. Қазір екі тарап та бұл шиеленістің біткенін іштей қалайды. Бірақ екеуінің мақсаты екі бөлек. Ақпараттық ресурстар таратып жатқан мәліметтерге қарағанда Украина әскерінен бөлек, ерікті түрде соғысқа араласып жатқан бейбіт тұрғындардан жасақталған батальондар қарсылық танытып бағуда. Сондықтан бүгін келіссөздердің бірінші раунды өтеді. Тараптар өздерінің позициясын алға тартады. Бірақ, қандайда бір прогресс күтпеймін. Себебі Украина жетекшілері өз бетімен шешім қабылдамайтыны белгілі. Соғыс басталған сәтте Украина жауымен бетпе-бет жалғыз қалды. Батыс елдері Ресей шабуылының біраз бәсеңдегенін күткен сияқты. Қазір тараптар әскери қақтығыстардың басылғанын қалағанымен, үшінші бір күштердің бұл мәселеге басқа көзбен қарайтыны анық. Украина үшін соңғы сөзді ресми Вашингтон айтады деп ойлаймын», - деді қазақстандық сарапшы.
Қазақстан Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер инситиутының маманы Санат Көшкінбаев Ресейдің Украинаға қоятын талаптары өте қатал екенін айтады. Қырымды алғанымен қоймай тағы да екі облысты тәуелсіз деп тану ойынан қайтпақ емес. Бүгін Беларусь аймағында өтетін келіссөздер барысында да осы талаптар күн тәртібіне шығатыны сөзсіз.
«Алдымен бейбітшілктің талаптарына келсек, Ресей бұрынғы айтқандарын, яғни соғыс басталмай тұрып алға тартқан мәселелерді күн тәртібіне шығарады. Ол – Донбасс және Луганск аймақтарын тәуелсіз деп тану. Ал Украина жағынан негізгі талап – РФ Қарулы күштерін Украина аумағынан шығару. Бұл туралы алдын ала аңдатпаларда да айтылды. Украина үшін қазіргі Қырым мен өзге екі аймақты азат елдер деп тану мүмкін емес. Сондықтан позициялардың полярлық сипатын байқап отырмыз», - дейді С.Көшкінбаев.
Десе де, саясаттанушылар бүгін өтетін келіссөздің өзі жағымды жаңалық екенін айтады. Екі жақтың келіссөздер үстеліне отыруы прогресс. Диалогтық және дипломатиялық форматта өтетін келісімдер ең құрығанда әскери қақтығыстарды тоқтатуға қол жеткізсе маңызды қадам болмақ. Ал, Қазақстан өз кезегінде шиеленісті аймақтардағы кез-келген келісімді қолдайды.
Айта кетейік, Украина жағынан Сыртқы істер министрінің орынбасары, Президент В.Зеленский әкімшілігінің өкілі бара жатыр деген ақпарат бар. Олар Белорусь еліне үшінші бір мемлекет арқылы жолға шықты. Яғни Польша арқылы барып, шекарада кездесуге қатысады, деп жазады Украина бұқаралық ақпарат құралдары.