«Күшпен немесе зорлықпен әділдік орнату мүмкін емес»: отандық сарапшылар Украинадағы қақтығыс туралы

Автор: Асқарбекұлы Ришат

Ресей әскері Украинада екінші күн қатарынан әскери операция жүргізіп жатыр

ТАСС

Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев кеше басталған Ресей және Украина қақтығысына байланысты пікірін білдірді. Ол негізінен екі мәселеге елдің назарын аударды. Біріншіден, Қазақстан ДХР және ЛХР тәуелсіздігін тану мәселесін қарастырмайтынын атап өтті. БҰҰ мақұлдаған мемлекеттердің ғана тәуелсіздігі мойындалады. Екіншіден, біздің ел Украина аумағына ҰҚШҰ аясында шектеулі әскери контингент жібермейді.

Бұдан бұрын Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Қазақстанда ДХР және ЛХР тәуелсіздігін тану мәселесі талқыланып жатқанын айтқан болатын. Осы күнге дейін Қазақстан билігі бұл мәселеге қатысты нақты ұстанымын білдірген жоқ.

Azattyq Rýhy тілшісі көрші елдерде қалыптасқан отырған шиеленіске байланысты Қазақстанның позициясы қандай болуы керек деген сауалды сарапшыларға қойып көрді. Саясаттанушы Серік Нұрмұратовтың пікірінше, Қазақстан бұл текетіреске сырттан бақылаушы ел ретіндегі рөлін жоғалтпауы керек. Донецк пен Луганск облыстарының аумағыннан құрылды деген мемлекеттер халықаралық аренада легитимді деп танылған жоқ. Ендеше Қазақстан да өзге өркениетті мемлекеттер сияқты бұл мәсеел бойынша бейтарап қалғаны абзал, дейді сарапшы.

«Ресей мен Украина арасындағы келіспеушілік айналып келгенде Қазақстанға да өз әсерін тигізеді. Біз Еуразиялық одақ бойынша, басқа да келісімдер бойынша Ресеймен тығыз байланыстамыз. Украина алыста болса да бізбен достық қатынастағы ел. Сондықтан біздің билік нейтралитет ұстауды жөн көріп отыр. Меніңше, бұл позицияда аяғына дейін қалу керек. Себебі Ресей болсын, Украина болсын біздің бұрынғы отандастарымыз. Ешқандай саяси мүдделер адамдардың өмірін қиюға негіз болмауы керек. Біздің билік ешқандай әскери контингентті бұл елдердің аумағына кіргізбейді деп сенемін.

Бұл қақтығыстың болашағы жоқ. Себебі күшпен немесе зорлықпен әділдік орнату мүмкін емес. Оны қоғамдық келісім арқылы өзара түсіністік немесе сұхбат арқылы ғана шешуге болар еді. Еуропа мен АҚШ, өзге де өркениетті елдер соны айтып отыр. Ресей билігі бұған көңіл бөлуі керек. Жай халықтың босқа қырылмағаны жөн. ДХР мен ЛХР заңды деп танылған жоқ. Бір Ресей қолдады екен деп бәрі шешілмейтіні анық. Тағы айтам, бұл мәселеде біз бейтарап болуымыз керек», - дейді С.Нұрмұратов.

Қазақстан саяси зерттеулер қауымдастығының президенті Есенжол Алияров Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға қатысты позициясы айқын деген пікірде. РФ басшысы кешегі өз халқына жолдауында Қазақстан туралы да айтты. Ол бізге тағатын еш кінә жоқ, саяси тұрғыдан да, экономкалық тұрғыдан да одақтас мемлекттер екенін баса айтты. Бірақ мұның салқыны – Қазақстан экономикасына тиетіні анық, дейді саясаттанушы.

«Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс жай қақтығыс емес шынайы соғыс екені көріп отырмыз. Ол өз арасында шыққан түсінбеушілік. Бұл геосаясат. Өкінішке қарай, бұл соғыстан бейбіт адамдар қаза болып жатыр. Ал Қазақстанға кері әсері – Ресей мен Еуразиялық Одақ аясындағы ынтымақтастық бар, біз ОДКБ мүшесіміз. Сол себепті бізге де Ресейдің одақтасы деп санкция салу қаупі баршылық. Батыс Еуропа, АҚШ санкциясына ілініп кетуіміз мүмкін. Сол себепті ҚР Сыртқы істер министрлігінің айтқаны бойынша, сыртқы саясатымыз – көп векторлық бағыт. Ең басты позиция – соғыстың тоқтауын қалайтынымызды көрсетуіміз керек. Өзіміздің бағытымыз бар, егемен ел екенімізді көрсетуіміз маңызды.

Ресей мен Қазақстан басшылары кездескенде, бұдан бұрын да Қазақстан Ресейдің жақын одақтасы деп айтты. Бізге тағатын ешқандай кінәсі жоқ екені мәлімдеді. Кешегі халқына жолдауы кезінде де Путин осыны қайталап айтты. Әр елдің, соның ішінде Қазақстанның егемендігін қолдаймыз деді», - дейді сарапшы.

Айта кетейік, Ресейдің әскері бүгін екінші күн Украинада әскери операция жүргізіп жатыр. Мойындалмаған Донецк пен Луганск республикаларын қорғаймыз деген Путин армиясы Киевті әуеден шабуылдаған. Сонымен қатар, Украинаның өзге де облыстары оқ астында қалды. Әзірге қаза болғандардың нақты саны ресми айтылмаса да, екі тараптан да соғыс құрбандарының бар екенін украиналық шенділер мәлімдеп жатыр. Ал, Ресей тарапы тек әскери нысандарды ғана дәл тигізетін зымырандармен атқылағанын айтып ақталуда. Яғни, бейбіт тұрғындарға мүлдем зиян тигізіп жатқанымыз жоқ деді Владимир Путин.

Ресей президенті Украинаға әскер кіргізгенін орыс халқын Украина агрессиясынан қорғаймын деп түсіндірген. Оның айтуынша, Украина билігі 8 жыл бойы Донецк пен Луганск халқына қарсы қару қолданып, бейбіт халықты қырып салған көрінеді. Ал, бұл аймақта негізінен этникалық орыстар мен орыстілді халық тұрады. Дегенмен, ресми Киев Путннің бұл мәлімдемелерін ресми жоққа шығарып отыр.