Отандық сарапшылар Беларусь басшысының пікірін Кеңес одағын аңсау ғана деп түсіндірді
Соңғы екі күнде Ресей мен ТМД интернет кеңістігінде Беларусь президенті Александр Лукашенконың журналист Владимир Соловьевке берген сұхбаты кеңінен талқыланып жатыр. Ол аталған сұхбатта алдағы 10-15 жылда қазіргі ТМД елдерінің бірқатары Ресеймен қайта одақтасатынын айтты. Қазір Ресей мен Беларусь таңдап отырған соқпаққа Өзбекстан мен Қазақстан түседі дейді ол. Одан тыс Арменияға да басқа барар жол жоқ. Алдағы жылдары Украина мемлекеті де аталған елдермен бір одаққа бірігеді деген «сәуегейлік» жасайды.
Сұхбат Ресей билігін ашық насихаттайтын «Соловьев Live» YouTube-каналында жүргізілді. Беларусь президенті мен журналист жоғарыда аталған елдердің қарулы күштері бір жерден басқарылуы керек екенін және оларға ортақ валюта енгізу мәселесін көтеріп, оны өздері құптап отырды.
«Меніңше Өзбекстан да Одақтық мемлекетке кіретін болады. Қазір Беларусь пен Ресей бұл ұйымды құрды. Бұрынғы кеңестік 15 мемлекеттің біразы осыған қосылады. Тәуелсіз елдер емес егемен елдер бірлестігі деп атаса жеткілікті. Қазір тәуелсіздік дегеннің ешқандай құны қалған жоқ. Мен қалай тәуелсіз боламын, егер барлық газ, мұнай Ресейден келіп жатса, қандай тәуелсіздік туралы айтуға болады? Бірақ ту, гимн және елдің басшыларын сақтап қалу керек.
Бұл бірлестіктің негізін 1999 жылы Ресей мен Беларусь қалаған. Біздің ел бұрыннан сол жерде. Ал Қазақстан үшін соңғы оқиға жақсы сабақ болды. Егер мәселе 15 жылдық мерзімде болса, Украина да осы ұйымға келеді. Тек қате жіберіп алмауымыз керек. Ал қалғандары осы периметр бойынша өздері қосыла береді. Арменияға да барар жер, басар тау қалған жоқ. Олар біреуге керек деп отырсыз ба?!» - дейді Лукашенко сұхбат барысында.
Беларусь президентінің пікірінше, Әзірбайжан ол атаған Одаққа мүше болуы екіталай. Өйткені, Ресей әу баста қателік жіберіп, ол елден айрылып қалған көрінеді. Қазір Әзірбайжанға Кремльден көрі Ердоғанның ықпалы басым деп тұспалдады Лукашенко. Ал, Түркіменстан, Өзбекстан және Тәжікстан экономикалық жағдайларына қарай мәжбүрлі түрде осы одақ құрамына кіреді деді ол.
Александр Лукашенко айтып отырған Одақ елдері – Ресей мен Беларусь республикасының интеграциялық жобасы. Мәскеу мен Минск мұны 1999 жылдан бері дамытып, ортақ парламент, валюта және заңнамалар жасауды көздейді. Тараптардың өткен 20 жылда әріптестігі салық және кедендік заңнамаларды бірегей жүйеге түсіруге мүмкіндік берген. Екі елдің басшылары осы күнге дейін 28 одақтық бағдарлама қабылдап, былтыр қыркүйекте Одақтық мемлекеттердің Министрлер кеңесінде мақұлданған.
Айта кету керек, Беларусь президенті биыл 10 қаңтарда өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының кезектен тыс отырысында Қазақстандағы қаңтар оқиғасы Өзбексанға «сабақ болуы» керек дегенді айтқан болатын. Енді бүлікшілердің екі көзі осы елде болады дейді ол. Ал, Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев Беларусь басшысының алаңдауына еш негіз жоқ екенін айтып отыр. «Жағдай бақылауда, егер қандайда бір қауіп болса, оның бетін қайтаруға әлеуетіміз бен күшіміз жетеді», - деп жауап берген еді.
Қазір Лукашенконың бұл сұқбатына байланысты Өзбекстан мен Армения қоғамы реакция танытып, елдегі саясаткерлер мен қоғамдық белсенділер жауап беріп жатыр.
Қазақстандық саясаткер, дипломат, ҚР Сыртқы істер вице-министрі болған, Ұлыбрианияда елші қызметін атқарған Әділ Ахметов Беларусь басшысының бұл мәлімдемесіне Қазақстан басшылығы тиісті жауап қатуы керек деген пікірде. Десе де, өз мемлекетінде абыройы жоқ адамның саясат аренасында айтқан сөзінің салмағы қаншалықты екені айтпаса да түсінікті дейді ол.
«Лукашенко шықпа жаным, шықпа деп әрең жүрген адам. Оның үстіне, қазір Ресейдің ұшақтары мен танктері сол елде тұр. Ол одақтық мемлекет құрайық деп бұрыннан сайрап жүр. Өз елінде абыройы жоқ. Ресейге жағыну үшін солардың айтқанымен жүруіміз керек дегені маған да ұнап отырған жоқ. Бұл егемендікке нұқсан кетіретін нәрсе. Өткенде ОДКБ жиынында Өзбексанға да тиісіп кетті. Қазақстанның күйін кешесіңдер, «бұзаудың басына келген бұқаға да келеді» дегенді меңзеді. Сендер ОДКБ-ға кіріңдер деді. Ал журналист Соловьевтің нағыз арандатушы екенін жұрт біледі. Қазақсанның егемендігін қаламайтын, Ресей басшысының шоқпарын соғатынның біреуі сол. Ондайлардың арманы Кеңес одағын қайта тірілту», - дейді сарапшы.
Оның пікірінше, Лукашенко жасарын жасап, асарын асаған саясаткер. Оның сөзіне аса қатты мән беруге болмайтынын ТМД елдеріндегі кейбір саясаттанушылар айтып жүр. Дегенмен, Қазақстан үшін тәуелсіздіктен асқан қасиетті ұғым жоқ, сырттан мұндай пікірлер айтылғанда барынша сақ болу қажет дейді Әділ Ахметов. Өйткені, Лукашенконың да, Соловьевтің де аузына сөз салып беретін политтехнологтарды жоқ деп айтуға болмайды.
Ал, саясаттанушы Дос Көшім болса Александр Лукашенконың айтқаны жүзеге аспайтынына сенімді. Өйткені, Ресей мен Беларусь өз қазанында өздері қайнап жатқан елдер, Қазақстанның бағыты – Тұран бірлестігі деп есептейді ол.
«Бұл – екі ел басшыларының бағзыдан бергі келе жатқан арманы. Алдарына қойған нақты саяси мақсаты да осы деп ойлаймын. Бұрынғы Кеңес үкіметін қайта қалпына кетіргісі келеді. Мұны отыз жыл бойы айтып келе жатырмыз. Қысқасы осындай жоспары бар. Оның ішінде Өзбекстан да бар. Бірақ бұл орындала қоймайын жоспар. Себебі біздің бас қосатын жеріміз – Тұран бірлестігі. Түркі елдерінің туысқандық жағынан бірлестігі.
Бәріміз Швейцария немесе Түркіменстан сияқты бейтарап бола алмайтын шығармыз. Тарих көрсеткендей бәрібір бір топқа, ықпалды ұйымдар құрамына бірігуге тура келеді. Сондықтан біздің ортақ үйіміз – Түркі одағы. Екіншіден, кешегі қаңтардан кейін жалпы Қазақстан, Өзбекстан болсын бұрынғы Кеңес одағын жаңғыртады дегенге сенбеймін. Халық оған қарсы. Тәуелсіздік – ол газ бағасы емес, ол қазақ халқы үшін ең қасиетті ұғым», - дейді саясаттанушы.