Астананың 280 тұрғынына арзан автокөлік әперемін деп алдап кеткен 35 жастағы ер адам ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол жәбірленушілерге 3 млрд теңге шығын келтірген

Фото ашық дереккөзден

Жүздеген адамды алдап, тақырға отырғызған күдіктіні астаналық полицейлер ұстады деп хабарлайды қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

2021 жылдың қыркүйек айынан бастап «Nur-AvtoKz» ЖШС деп тіркелген компания басшысы жергілікті тұрғындарға нарықтағы құнынан арзан бағада автокөліктер сатып алып беремін деп, ақшаларын жинап алған. 45 жұмыс күнінде көлікті жеткіземін деген ер адам ұшты-күйлі хабарсыз кеткен. Алданғандар саны – 280 адам. Оларға келтірілген шығын – 3 млрд теңгеден асады.

Жүздеген адамнан арыз түскеннен кейін полиция 35 жастағы күдіктіні халықаралық іздеуге берді. Күні кеше ол ұсталып, Ақтау қаласында қамауға алынды. Күдіктінің үстінен алаяқтық бабы бойынша іс қозғалған.