Өзбекстанда 26 жастағы жігіт Мәжіліс депутаты болып сайланды. Қазақ Парламенті қашан жасарады?
Өзбек Мәжілісіне үш қазақ сайланған
5 қаңтар күні Ташкентте Өзбекстан Парламентінің төменгі палатасы – Олий Мәжіліс сайлауы екінші кезеңінің қорытындысы шықты. «УзТаг» ақпараттық агенттігі хабарлағандай елдің билік партиясы дауыстың үштен бірін жинап, 53 мандат алды. «Миллий Тикланиш» демократиялық партиясына – 36, «Адолат» социал-демократиялық партиясына – 24, халықтық-демократиялық партияға -22, экологиялық партияға – 15 депутаттық орын бұйырған.
Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше сайланғандардың 64,7%-ы немесе 97-ісі 30 бен 50 жас аралығындағы азаматтар. Ал 6 %-ның, яғни 9 депутаттың жасы 30-дан төмен. Комиссияның сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, Олий Мәжілістегі ең жас депутат – 26 жасар Шерзод Рахмонов. Ол Өзбекстан халықтық-демократиялық партиясының атынан сайланды. Ең кәрі депутат – Сафар Остонов 71-де.
Бір айта кетері, жаңа Мәжілістің құрамында әйелдердің үлесі 30%-ды құрады. Бұдан бұрын Парламентте нәзік жандылар саны 28 еді, қазір – 48.
Айтпақшы, Өзбек Мәжілісіне бұл жолы үш қазақ сайланған. Науқан Өзбекстан тарихында ашық бәсекелестік жағдайында өтуімен, толассыз дебаттармен, партиялардың белсенді үгіт-насихат жүргізіп, бейбіт митингілер ұйымдастыруымен есте қалды. Мемлекет халқы мен сарапшылар мұны жаңа Президент Шавкат Мирзиеевтің демократиялық реформаларымен байланыстырады. ТМД пен ШЫО-нан келген бақылаушылар да науқанның демократиялық негізде, легитимділігі күмән тудырмайтындай жағдайда өткенін айтқан.
Дегенмен сайлауға дәл бұрынғыдай оппозициялық партиялар қатыса алмады. Өзбекстан орталық сайлау комиссиясы оларды ресми тіркеуден өтпегендіктен додаға қоспай қойды. Ел Презиенті Шавкат Мирзиеев
«Мен оппозицияға қарсы емеспін, олардың болуы үшін жағдай жасауымыз керек. Бірақ оппозиция елдің проблемасын білетін, осы жердің суын ішіп, асын жеген адам болғандары жөн»,- деген пікір білдірді.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Арман Шораевтың пікірінше, Қазақстан Парламентінде де алдағы 5-6 жылда өзгерістер орын алады.
«Оң өзгерістер басталып жатыр ғой. Мүмкін, сол кезде өзбек бауырларымыздан да асып түсерміз. Білімді жастар көп. Шетелде оқыған, қызметте болған, өмір көрген жастар бар. Бізде 50-ден кейін Парламентте отыру сәнге айналды ғой. Бәрінің арманы - 10 жылдай аудан әкімі болып, әрі қарай Сенатқа немесе Мәжіліске бару. Одан құтылуымыз керек»,- деді «Azattyq Ruhy»-на пікір білдірген А.Шораев.
Кеңес мүшесінің ойынша, жастардың өз партиясы болу керек.
«Негізгі проблема - ашық саяси күрес жоқ. Саяси күштер де жоқ. Сондықтан, біріншіден жүйені ауыстыруымыз керек. Жас ерекшелігі деген әр партияның ұстанымына байланысты ғой. Жаңа партиялар құрылуы керек, жастардың өз партиялары болуы керек. Сонда өздерінің мұң-мұқтажын билікке жеткізе алады»,- деп түйді ол сөзін.
Айта, кетейік, 16 қаңтарда Өзбекстанда Парламенттің Жоғарғы палатасы Олий Мәжіліс Сенатына сайлау басталады. Оған Қарақалпақстаннан, Ташкент қаласы мен облыстардан 100 депутат сайланады. Өзбекстанда жасы 25-тен асқан елдің кез келген азаматы сенатор бола алады.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан