Биылғы жылдың 11 айының қорытындысы өзара сауданың қарқынды өскенін айғақтайды
2021 жылғы 20 желтоқсанда Ашхабад қаласында (Түрікменстан) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың және Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Ч. Гылыджовтың тең төрағалығымен экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Түрікменстан Үкіметаралық комиссиясының 11-отырысы өтті. Бұл туралы Azattyq Rýhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Комиссия отырысы барысында қатысушылар екіжақты ынтымақтастықтың күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, соның ішінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын, көлік және коммуникациялар, қаржы және инвестиция, ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы және басқа да салалардағы өзара іс-қимылды талқылады. Қоршаған ортаны қорғау, құрылыс, мәдениет және туризм, денсаулық сақтау, білім және ғылым, сондай-ақ газ және әлеуметтік және еңбек салалары қарастырылды.
Түрікменстан Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызды сауда серіктестерінің бірі. Биылғы жылдың 11 айының қорытындысы өзара сауданың қарқынды өскенін айғақтайды.
Кездесу қорытындысы бойынша Экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Түрікменстан үкіметаралық комиссиясының 11-отырысының хаттамасына қол қойылды.