Әйелдер коррупциямен күресте ең маңызды рольдердің бірін атқарады – британ сарапшысы
Ол Қазақстанда жүргізіліп жатқан гендерлік саясатқа оң бағасын берді
Ұлыбританияның саяси сарапшысы Куреши Шахид қоғамдағы және биліктегі әйел ролінің маңызы туралы айтты. Оның пікірінше, жемқорлықпен күреске әйел баласының қосатын үлесі мол. Биліктегі ер адамның пара алуын, мемлекет ақшасын тонауын олардың маңайындағы әйелдер тоқтата алады дейді сарапшы. Мұндай пікірін ол елордада өткен «Қазақстанның партиялық-саяси жүйесінің эволюциясы: сын-қатерлер, жетістіктер мен келешегі» атты халықаралық форумда айтты.
Айта кетейік, аталған форумға әлемнің 15 елінен 600-ге жуық спикер қатысты. Олардың қатарында АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Әзірбайжаннан келген саясаткерлер де бар.
Куреши Шахид Африка мен оңтүстік-шығыс Азиядағы мемлекеттердің кедей болуына ең бірінші себеп коррупция екенін атап өтті. Кез келген елде заң патшаға да, қарапайым адамға да бірдей болғанда, ол мемлекетте демократия орнап, халқының тұрмысы артады дейді ол.
«Африка мен оңтүстік-шығыс Азиядағы мемлекеттерде халқы не үшін кедей? Ол жақта ресурс жоқ емес, жерасты байлық бар. Мәселе биліктің сол байлықты қалай үлестіруінде. Қазақстанда да мұнай мен газдың өте мол қоры бар, елде ғылым мен технология бар. Бірақ, бұл ресурс сонау шалғайда өмір сүретін адамдарға дейін жетпесе, онда демократия бар деп айтудың қажеті жоқ», - дейді Куреши Шахид.
Британ сарапшысы коррупцияның ең қарапайым үлгісін мысалға келтіре отыра оны тоқтатудың жолымен де бөлісті.
«Биліктегі ер адамдар жемқорлықпен тапқан ақшасын үйіне алып келеді. Сонда оның әйелі, қызы, қарындасы немесе әпкесі ол ақшаны алудан бас тартса, ер адам екінші рет пара алмайды, мемлекеттің ақшасын тонамайды. Осы қарапайым ғана тәсіл жүзеге асса қоғамда жемқорлық сап тыйылар еді», - дейді саяси сарапшы.
Оның пікірінше, Қазақстанда әйелдердің билікке араласуы, елде гендерлік саясаттың жүзеге асуы – демократиялық жүйенің алғышарты, бір көрінісі. Бастысы – әйелдерді билікке жай есеп үшін араластырмай, шынымен де ер мен әйелдің құқығын теңдей етіп бөлу керек дейді ол.