Стамбұлда жағдай полиция бақылауында, девальвация халық наразылығын арттырды

Автор: Асқарбекұлы Ришат

Сәрсенбі күні Анкара мен Стамбұлда жүздеген адам ереуілге шығып, ел үкіметін отставкаға кетуді талап еткен

Корреспондент.net

Түркияда жағдай полицияның бақылауында. Әсіресе Стамбұлдың орталығындағы Таксим алаңында кез-келген уақытта бүлік шығып кетуі мүмкін. Себебі туристер өте көп қатынайтын майданда (алаң –авт.) және адам сапырылысып жатқан Истиклал көшесінде ереуілшілер аяқасты шыға келуі мүмкін. Бүгін осы маңға келетін жанама көшелерге қоршаулар қойылып, бронетехникалар мен қаруланған полиция сарбаздарын байқауға болады. Стамбұл да әлемнің өзге елдері сияқты Black Friday (Жомарт жұма – авт.) сауда-саттық шарасына дайындалып жатыр. Қаланың сауда орындарында ертең халық қарақұрым көп болады.

Бейоглы ауданындағы (Таксим орналасқан аудан атауы – авт.) жаяу жүргіншілер көшесіндегі валюта айырбастау орындарының алдында да кезек көп. Ақша айырбастап жатқан халық АҚШ доллары мен еуро валютасы тағы шарықтап кете ме деп қауіптенеді. Бүгін түскі биржада АҚШ ақшасы 12,20 лираға, ал еуро 13,60 лираға тұрақтады. Айта кету керек лира 2021 жылдың басынан бері 38 пайызға, ал бір аптада 17 пайызға құнсызданған. Соңғы рет 23 қарашада ұлттық валюта тағы 5 пайызға дейін құлдырады.

Сәрсенбі күні Анкара мен Стамбұлда жүздеген адам ереуілге шығып, ел үкіметін отставкаға кетуді талап етіп, басқарушы партияның өкілдеріне қарсы наразылық танытты.

Azattyq Ruhy тілшісі көшедегі қарапайым тұрғындардан қалыптасқан жағдайға байланысты пікірін сұрап білді. Өзін Лале деп таныстырған мына қыз көше сыпырушы болып еңбек етеді. Оның мойнында туристер көп жүретін Истиклал көшесін қоқыстан тазарту жүктелген. Күніне 8 сағат жұмыс істейтін қала тұрғыны девальвациядан соң халық тұтынатын тауарлар үшін бағаның өсетінінен қауіптенеді.

«Тауар өзімізде өндіріледі, сол үшін баға көтерілмейді деп айтқанына сену қиын. Негізгі тұтынатын тауарларға баға өсіп тұрады. Алайда, жалақы көтерілмейді. Қанша алатынымды айта алмаймын. Бірақ мен 8 сағат жұмыс істеймін. Жұмыс уақытын қысқартпайды. Қарапайым халық девальвацияның әсерін сезіп отыр. Бұл қашанға дейін жалғасатынын білмеймін», - дейді Лале.

Туристерге жаңғақ және жүгері қуырып сатумен айналысатын Махмұт Баба қаржы-экономикалық саладағы қиындықтар өзіне айтарлықтай әсер етпейтінін айтады. Себебі ол доллар ұстамайды, отбасын асырау үшін күнделікті табысында айтарлықтай өзгеріс жоқ екенін айтты. Ал, девальвация мен митингтердің артында саясат тұр дейді.

«Сұрағыңызды түсіндім. Бірақ мұның барлығы биліктегілердің ойыны. Одан қарапайым халыққа келіп-кетері жоқ. Мысалы, доллар өсті, лира құнсызданды дейді. Сырттан тауар алмайтын, өзімізде шығатын өнімді саудалайтын біз үшін оның қандай зияны бар? Бұл сыртқы елдердің ойыны. Түрік мемлекеті мықты, қайдан қысым болса да, жауап қатады», - дейді сатушы.

Reuters ақпарат агенттігінің жазуына қарағанда, елдегі Энергетика, бензин және газбен қамту бекеттері одағы (EPGIS) ертеңнен бастап елде жанармай қымбаттайтынын мәлімдеді. Оған қоса дизель мен сығымдалған газға да орташа баға 1,02 лираға көтеріледі деп күтілуде. Бұл мәлімдемеден соң, елдің ірі қалаларындағы жанармай станцияларында кеше түні көліктердің кезегі артып, мыңдаған жүргізуші бензин құюға талпынған.

Десе де, орталық телеарналар Түркия мен Біріккен араб әмірліктері арасында бірнеше ірі қаржы операциясын жүргізу үшін келісімшарт жасалады деген хабар таратып жатыр. Сарапшылар бұл 8 қарашадан бері алғаш рет ұлттық валютаның нығаюына мүмкіндік берді деп мәлімдеді.