Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2009 жылы Нахычеван қаласында (Әзербайжан) құрылған болатын
Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Түркі кеңесінің VIII Саммиті қарсаңында өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің (ТМЫК) Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты. Бұл туралы Azattyq Rýhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жыл сайынғы министрлік кездесулерде Түркі кеңесі мемлекеттері басшыларының кездесулері мен шешімдерін дайындаудың мазмұнды және ұйымдастырушылық мәселелері талқыланады. Осы кездесу барысында министрлер Мемлекет басшылары кеңесінің алдағы отырысында қол қою және бекітуі жоспарланған күн тәртібі мен қорытынды құжаттардың жобаларын келісті.
«Кездесу қорытындысы бойынша СІМ басшылары бірқатар құжаттарды, соның ішінде Түркі кеңесі хатшылығының қызметі мен қаржылық мәселелері, ТМЫК Ақсақалдар кеңесінің ережесі, Түркі әлемінің қалаларына белгілі бір мәртебе беру және т.б. құжаттарды қабылдады және оларға қол қойды.
Қазақстан тарапы Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласында құрылып жатқан «TURANSEZ» арнайы экономикалық аймағын таныстырды. Бұл аймақ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы көктемде ТМЫК бейресми Түркістан саммиті барысында бастамашылық еткен болатын», - делінген Сыртқы істер министрлігі таратқан хабарламада.
Айта кетейік, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2009 жылы Нахычеван қаласында (Әзербайжан) құрылды. Түркі кеңесінің хатшылығы Ыстанбұл қаласында (Түркия) орналасқан. 7-ші саммиттің қорытындысы бойынша Өзбекстан қосылғаннан кейін Кеңес мүшелерінің саны беске жетті (Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан). Түрікменстан ТМЫК бақылаушы мемлекет ретінде алғаш рет қатысып отыр.