«Орындалмас уәде. Бітпес сайлау. Дағдарыс. Сенімсіздік»: Жапаровтың саяси әрекеті жайлы қырғыз саясаттанушыларының пікірі

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Олар соңғы президенттік сайлауда жастардың алданғанын айтады

Фотоколлаж

28 қарашада Қырғызстанда Парламент депутаттарының сайлауы өтеді. Жогорку Кенештің төрінен орын алу үшін 21 саяси партия үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл соңғы бір жылдың айналасында қырғызстандықтар үшін төртінші рет өткізілетін сайлау болмақ.

Былтыр 4 қазанда Паралмент депутаттарын сайлаудың сәтсіз өтуі наразылықтарға ұласып, соңы елдегі биліктің ауысуына әкелген еді. Президент Сооронбай Жээнбеков, премьер-министр Мұхаммедқалы Абылғазиев және Парламент спикері Дастанбек Жұмабеков қызметін тастап кетуге мәжбүр болды. Алаңда бір апта атой салған халық ақыры Садыр Жапаровты түрмеден суырып алып, оған биліктің барлық өкілеттігін бере салды. Премьер-министрдің орнын місе тұтпаған Жапаров 10 қаңтарда өткен президент сайлауында 17 кандидаттан озып, Тәуелсіз Қырғызстанның 6-шы басшысы атанды. Жаңа басшының бұйрығымен елдің конституциясын ауыстыру туралы референдум да 11 сәуірде өтті. Бұрынғы билік кезіндегі аймақ басшыларына сенбеген Садыр губернаторларды да сайлау арқылы ауыстырды. Аудан әкімдері мен ірі қалалардың мэрін тағайындау құзіретін Президент өзіне қалдырды. Бұдан бөлек, Жоғары Сот, МҰҚК, ІІМ сынды құзіреті күшті органдардың да басшылары жаңарды. Жуырда тағы да сайлау болады.

Жылына бірнеше рет өтетін сайлаудан ел не күтеді? Бір-бірімен таяқтасудан да тайынбайтын қандай саяси партиялар «Ақ үйден» орын алуы мүмкін? Бір жылдан астам билікте отырған Жапаровқа жұрт неге сенбей қалды? Күнгей Ало-Тоодағы елдің саяси ахуалына Azattyq Rýhy тілшісі шолу жасап көрді.

Жемқорлықты жоям деп жүрген Жапаровтың билігі елде кезекті инфляция өсіп, қымбатшылық жайлаған уақытпен тұспа тұс келді. Өткен 30 жылдықтағы басшыларды сынаған Садыр Нұрғожайұлы сырттағы 2 миллион қырғызды қайтарып, адал жастарды мемлекеттік қызметке тартатынын, Құмтөрдің қызығын 100% қырғыздар көретінін айтты. Одан бөлек, Кеден мен Жогорку Кенештегі кәрі саясаткерлердің санын азайту, билікке таныстарды тартуды тоқтату, 4 жылдың ішінде сыртқы қарыздан құтылу, әділетті сот жүйесін құрып, сыбайлас жемқорлықты жою, саяси қудалауды тоқтау, бизнесті қорғау сынды уәделерді үйіп-төккен. С.Жапаров легитимді президент атанған соң уәделерін ұмытты дейді қырғызстандық саясаттанушылар.

«Соңғы кездері саясатта «сезімтал» өзекті тақырыптар көп болып кетті. Билікті сынап, қателіктерін қатты айтып жүргем. Мемлекет басындағылардың әрекетіне көзқарасым теріс. Көп нәрсе өзгерген жоқ. Саяси ахуал жақсы емес. Біздің билік жарытып жұмыс істеп жатқан жоқ. Оған дәлел өте көп. Соңғы бір жылда Қырғызстан өте қиын саяси жағдайды бастан кешіріп жатыр. Билік референдум өткізіп, ақыры конституцияны өзгертті. Көптеген заңды да әкелді. Бірақ одан жақсарып кеткен халық жоқ. Бұндай жағдайдан соң қоғам арасына қарсылықтар, келіспеушіліктер де көбейді. Жаңа сайланған президент пен оның жақтастары үшін заңның өзгеруі жақсы болғанмен, оларды сынаушылар да көбейді. Бұл сындарға елдегі экономикалық тұрақсыздық, инфляция, энергия көздерінің жетіспеуі қосылып, саяси ахуалды қиындатып жіберді», - деді саясаттанушы Эмиль Жураев.

27 тамызда депутаттарды сайлаудың жаңа тәртібін қарастыратын сайлау туралы конституциялық заңның күшіне енуімен депутаттардың саны 120-дан 90 адамға дейін қысқарды. Баяғыдан бұл жолғы сайлаудың жолы бөлек. Қазір партиялар ел аралап, қажыған жұртты тағы да өздерін таңдауға үгіттеп жүр. Жогорку Кенештегі 90 депутаттың 54-і пропорционалдық жүйе бойынша бір жалпыұлттық сайлау округі бойынша, 36-сы бір мандатты округтер бойынша сайланады. Праламенттен орын алу үшін партия сайлаушылардың 3% (2020 жылғы қазандағы сайлауда 7%) шекті деңгейден өтуі керек  ​​және елдің жеті өңірінің әрқайсысында кемінде 0,7% дауыс жинауы тиіс. Кез келген партия Жогорку Кенештен 65-тен артық орын ала алмайды. Партиялық тізім әр жыныстағы кандидаттардың кемінде 30% қамтуы керек, ал әрбір төртінші кандидат әйел адам болуы керек. Сондай-ақ, өзге ұлттардың атынан да сайлауға түсетін кандидаттар кемінде 15% құрауы және ондағы 35 жасқа дейінгі кандидаттар 15% кем болмау керек. Бұдан бөлек, әр саяси партияда кемінде мүмкіндігі шектеулі екі кандидат тіркелуі тиіс.

«Сайлауға түсіп жатқан партиялардың арасында экс-президенттердің партиялары да бар: Атамбаевтың, Жээнбековтың, саясаттан кеттім деген Бабановтың партиясы.Ұсақ партиялар бірігіп, коалиция құрғандар да көп. Сосын, бұрынғы ұйымынан шығып, өзге партияға өтіп жатқандар да көп. Бұның бәрі билікке жету жолындағы тартыстар. Былтырғы оқиғадан соң көптеген депутат қорқып қалған. Өйткені халық оларды ұнатпайды, жек көреді, көргіміз келмейді деп тура айтады. Сондықтан баяғы депутаттар өздерін шығарудан сескеніп, орындарына балаларын, келіні, тіпті бажаларын да тықпалап жатыр. Бедел қалмаған соң «көлеңкелерін» шығармақ. Қазіргі президент кезінде қашып кеткен Бакиевтың адамы, соның адамдарымен тығыз байланыста. Қаржыны да солардан алды», - деді тағы бір саясаттанушы Турат Акимов.

«Халық сайлаудан да, революциядан да шаршаған»

Бір жылдың ішінде бірнеше сайлау мен саяси реформалардың өтуінен халық шаршаған. VII шақырылымда депутат атанатын кандидаттардың ерекше өзгеріс әкелетініне де ел аса сенбейді. Десе де, Жогорку Кенешке өткендердің шешетін ауқымды ісі аз емес. Тоқтаудың алдында тұрған Құмтөрдегі алтын кенішін тығырықтан шығарып, игерудің жолын табу керек. Саяси тұрақсыздықтың салдарынан тоқтаған инвестицияны реттеу де болашақ депутаттардың мойнында. Ауғанстан-Тәжікстан-Қырғызстан шекарасында қалыптасқан ауыр ахуал тағы тұр.

«Жуырда тағыда Парламент сайлауы өтеді. Бір жылдың ішінде 4-5 сайлауға барып, елдің  әбден шаршағаны байқалады. Сайлауға халықтың қанша пайызы келеді/келмейді деген сұрақ та маңызды. Себебі, бұған дейін де халықтың кейбір облыстарда дауыс беру көресткіші өте төмен болған. Бұл сенімсіздікті, екінші жағынан сайлаудан шаршағанды білдіреді. Экономика минусқа кетіп жатыр. Инвестицияның тартылуы да минус болды. Инвесторлардың келмеуіне Құмтөрдегі алтын кеніне қатысты тартыстың да әсері тиді», - дейді доцент Жураев.

«Құмтөрдегі алтын кенін қазған Канадамен талас-тартыс еліміздің халықаралық беделіне нұқсан келтірді. Лондон биржасы Қырғызстанның алтынын сатуға тыйым салды. Қырғызстанның арыз-талабын халықаралық соттар да қабылдамай қойды. Шетелдіктерді қуғанмен, енді өзіміздің кен орнын қазып, пайдалануға күшіміз жетпей жатыр. Күрделі мәселенің жолын шешу алдағы жаңа парламент депутаттарының бас ауруы болмақ.

Садырдың президент болғанына бір жылға толмаса да халықтың жартысы оны қууға дайын тұр. Жақсы лидер шықса соған ілесіп кететін сияқты. Бірақ революциялардан, күнде арпалыс топалаңдардан да халық шаршап қаған. Төңкеру қолдан келеді, жігіттердің бәрі тәжірибе жинап қалған, бірақ оған баруға көңілі жоқ.

Қырғызстанға инвестиция тарту, шетелдік қаржы институттарының бізге келуі қиын. Төңкерістер болып тұрғандықтан олар біздің билікке сенбейді. Келсе де уақытша пайда тауып кететін аферистер келуі мүмкін. Билік шабан, қолынан ештеңе келмей жатқанда пайда тауып қалсам деген инвесторлар бар. Ондайларды оппозиция жариялайды. Халықаралық қаржы ұйымдарының билікпен тіл табысып, мемлекет олардың жұмыс істеуіне саяси кепілдік беруі өте қиын», - деп санайды «Ақша және билік» газетінің бас редакторы Турат Құдайбергенұлы.

«Ол көтерілісте өзін қолдаған жастарды «лақтырып» кетті»

Жұмыссыз жастардың жағдайы да бөлек проблема. Саясаттанушылар былтырғы толқу кезінде көтерілісшілер жастарды пайдаланып, мақсатына жеткен соң оларды ұмыт қалдырды деп санайды. Оны Садырды қолдап, қолдарына ту алған жастардың өздері де мойындайды. Себебі, жаңа құрылымға білімді  жастарды емес, тағы сол таныс-тамырды тарту тоқтамаған. Жұтаған жұртының жағдайын жөндеймін деген Жапаров саяси өзгерістерді жиілетумен қатар, бұрынғы қарсыластарынан кек қайтаруды да ұмытпаған сыңайлы.

«Былтырғы митнингілерде біз Жапаровты қолдап алаңға шықтық. Көп уәде берді, оған сендік. Қазір жан баға алмай жүрген жастар көбейді. Сыртқа кеткендердің саны артты. Менің өзім де бұлардан көңілім қалды, адам сияқты өмір сүргіміз келеді, реті келсе шетелге кетуді қарастырып жатырмын. Жапаров айлықты 700 сомға ғана көбейтті. Ал қымбатшылықты ел көріп отыр. Жалпылай алғанда, халық өзін өзі асырап отыр.

Садырды сынап, оған сенбейтін адамдар саны көбейіп кетті. Өйткені ол уәделерін ұмытты, жастарды лақтырып тастады. Қырғызстан тарихындағы нашар президент деген бағаны алып үлгерді. Ұзақ уақыт түрмеде болған Садыр көп жаңалықтан да қалып қойған. Сарапшылар, экономистер оған алты ай уақыт беріп қойған. Осы аралықта оң өзгеріс болмаса оның беделі мүлдем қалмайды. Саяси қудалауға жол берілмейді деген ұранын да ұмытты», - деді қоғам белсендісі Улан Нурманбетов.

Референдумның нәтижесінде президенттің өкілеттігі кеңейіп, парламент пен үкіметтің құқығы қысқарды. Оның үстіне, ОСК шетелдегі иммигранттардың дауыс беруіне мүмкіндік беретін №2 нысанды қолданудан бас тартты. Өйткені алдыңғы сайлауларда осы түрдегі бюллетеньдердің рекордтық саны берілгеннен кейін, бұл пішіндер әртүрлі аймақтардағы дауыс санын өзгерту үшін қолданылған. Ал, отбасын асырау үшін басқа мемлекетке кеткен 2 млн қырғыздың қазіргі билікке бүйрегі әлі де бұрмайды. Сондықтан 6 млн қырғыздың жартысы дауыс берсе жақсы жұмыстың істелгені деп санайды сарапшылар.

«Жапаров биліктің әр жеріне өзінің адамдарын қойды деп 100% айта аламыз, ол ешкімге сенбейді, өйткені билікке аяқ астынан қалай келгенін де жақсы біледі. Қырғызстан жалпы қызық ел, бір миллиард доллары бар Бабанов сияқты саясаткер ақшасын көтеріп көшеде жүр. Ал түрмеде отырған адам түнде шыға қалып, таңертең президент бола салады. Бұл ұятсыздықтан, имансыздықтан жасалған әрекеттер.

Садырды жастар қолдап көтергенмен, шындығында саясатта олар жеңілді. Оларды тек құрал ретінде пайдаланды. Қазір сол жастар қаңғып қалды. Сол кезде жастардың көбі ақшаға сатылды. Жастар деп айтып қойғанмен, билікке басы істейтіндерді де, шетелде жұмыс істеп жүрген оқымысты жастарды да жолатпайды. Ұйымдасқан кәрі саясаткерлерге жастардың қажеті қанша? Күнде жейтін бешбармақты кім біреуге бергісі келеді? Керісінше, жаңа технологияны жетік меңгерген жастар келмесін, келсе біздің жеген, ұрлаған, тыққан ақшамызды, офшорлық шоттарымызды ашып қояды деп қорқады. Жаңа технолгияны меңгерген, тың ойлы жастарды шақырып, жаңа жобалар туралы айтылып жатқан жоқ. Басы мықтылардың бәрі Еуропада жүр. Ал, біз баяғы ескі схемамен жүрміз.

Біздің елде бір нәрсеге халықты сендіру, көндіру қиын. Ел ашулы. Қазіргі саяси тұтқындардың көбі Атамбаевтың тұсында билікте болғандар. Олар кезінде осы Садырды қамаған. Жапаров 6 жыл түрмеде отырған, енді соның өшін алып жатыр», - деп түйіндеді ойын саясаттанушы Т.Акимов.

Жогорку Кенештің VII шақырылымына қызу үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатқан 17 саяси партияның қаншасы билікке келетіні белгісіз. Былтырғы төңкерістің шығуына себеп «Биримдик», «Мекеним Кыргызстан», «Бутун Кыргызстан», «Мекенчил», «Республика», «Ата-Мекен» социалистік партиясы сынды саяси ұйымдар тағыда көш бастауы мүмкін деп болжайды сарапшылар.